Бейәдеп сөз, ебедейсіз ойын: Құрылтайда қазақтың тойын бақылау ұсынылды
Қарағанды облысы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Бекзат Алтынбеков Ұлттық құрылтайда той-томалақты өткізудің ережесін енгізуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді, тіл тазалығы мен ұрпақ сабақтастығы секілді құндылықтарымызды сақтап қалу өзекті мәселе болып отырғанын және қазір қазақтың тойы мен жоралғыларына, салт-дәстүрімізге сызат түсіп жатқанын айтты.
Салт-дәстүр дегеніміз - ұлыстарды біріктіруші, ал енді саналы мәдениет қалыптастыратын кез жетті. Қазіргі жиын-тойлардағы бейәдеп сөз, анайы анекдот, ебедейсіз ойын, асабалардың мәдениетсіздігі белгілі бір ортақ қоғамдық деңгейде бақылауға алынуы қажет. Себебі әлеуметтік проблемаға айналып барады, - деді Бекзат Алтынбеков.
Ол Қарағанды облысының ақсақалдары кеңесі жергілікті өнер адамдары мен асабалармен кездесіп, көпшілік жиындардың тәрбиелік маңызын арттыру мәселесін талқылағанын атап өтті.
Сөзінше, арнайы ереже болмағандықтан мұндай кездесулер нәтижесін көрсетпей отыр.
Ұлттық құрылтай мүшесі осы мәселеге тиісті ереже әзірлеп, қоғамдық бақылау тетігін күшейтуді ұсынды.