Кеше 2026, 16:16 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Бейәдеп сөз айтып, психологиялық семинар өткізгендер жауапқа тартылды

Алматыдағы психологиялық семинардан кейін ұйымдастырушыға айыппұл салынды.

Алматыда өткен психологиялық семинарлардың бірінде қоғамдық тәртіпті бұзу дерегі тіркелді. Оқиғаға байланысты полиция әкімшілік іс қозғады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, іс-шара барысында кейбір қатысушылар бейәдеп сөздер айтып, айналасындағыларға құрметсіздік танытқан. Осылайша қоғамдық тәртіп нормалары бұзылған.

Бұл факті бойынша Медеу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері семинар ұйымдастырушысына қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «Ұсақ бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырды.

Кейін іс Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қаралып, құқық бұзушыға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.

Полиция департаменті кез келген бұқаралық және көпшілік іс-шаралар заң талаптарына сай әрі қоғамдық тәртіпті сақтай отырып өткізілуі тиіс екенін ескертті.

Сондай-ақ қоғамдық орындарда бейәдеп сөз қолдану, айналасындағыларға құрметсіздік таныту заң аясында жауапкершілікке әкеп соғатыны атап өтілді.