Бетті жабуға тыйым: Бұл кімдерге қатысты?
Аталған шектеулер құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті күшейту мақсатында енгізілген.
Соңғы уақытта полицейлер қоғамдық орындарда бет-әлпетті жасыратын киімдерге қатысты түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуде. Бұл шара көптеген азаматтың көкейінде «Бұл маған қатысты ма?» деген сұрақты тудыратыны анық. Сонымен, заң талаптары нені білдіреді?
Бұл шараның мақсаты не?
Ең алдымен, бұл - терроризмге қарсы іс-қимыл және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шарасы. Заманауи бейнебақылау жүйелері мен құқық қорғау органдары қоғамдық орындарда кез келген адамның тұлғасын бірден тани алуы тиіс. Бұл қылмыстың алдын алуға және тәртіпті сақтауға көмектеседі.
Осы орайда Маңғыстауда полицейлер тұрғындарға бет-әлпетті жабуға қатысты заң талаптарын түсіндірді.
Атап айтқанда, адамның жүзін толық немесе жартылай жасыратын киім үлгілерін киюге қойылатын шектеулер бойынша кең көлемді ақпараттық-түсіндіру шаралары қолға алынды.
Маңғыстау облысы Полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мен қоғамдық қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері бірлесіп, халық көп шоғырланатын орындарды аралап, тұрғындарға заң талаптарын егжей-тегжейлі айтты. Шара барысында азаматтарға қоғамдық орындарда бет-жүзді тануға кедергі келтіретін киімдерді киюге болмайтыны жөнінде ақпарат берілді.
Аталған шектеулер құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті күшейту мақсатында енгізілген. Бұл шаралар қандай да бір діни көзқарасқа қарсы бағытталмаған. Керісінше, олардың негізгі мақсаты - азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті нығайту, - деп хабарлады Маңғыстау облысының ПД баспасөз қызметі.
Кімдерге шектеу қойылады?
Тыйым келесі жағдайларға қатысты:
Бетті толық жабатын киімдер: Көзден басқа бөліктің бәрін жасырып тұратын киім үлгілері (мысалы, никаб, паранджа).
Бет-жүзді тануға кедергі келтіретін заттар: Қоғамдық орындарда себепсіз тағылатын балаклавалар, бетперделер немесе бетті әдейі танытпайтын басқа да элементтер.
Бұл шектеу кімдерге қатысты емес?
Заңда азаматтардың күнделікті мұқтаждығы ескерілген. Шектеу келесі жағдайларда қолданылмайды:
Медициналық көрсеткіштер: Егер адам ауырып тұрса немесе вирустан қорғану үшін медициналық маска тақса.
Еңбек қызметі: Жұмыс ерекшелігіне байланысты арнайы бетперде немесе дулыға кию қажет болса (мысалы, дәнекерлеушілер, құрылысшылар).
Ауа райы жағдайы: Аязды күндері немесе шаңды боранда бетті шарфпен немесе басқа да киіммен қорғау.
Спорттық және мәдени шаралар: Ресми рұқсат етілген маскарадтық немесе спорттық киімдер.
Полиция департаменті бұл шаралардың ешқандай діни көзқарасқа қарсы бағытталмағанын баса айтады. Бұл - тек техникалық және қауіпсіздік талабы екенін түсіндіруде.
Еске салайық, бұған дейін ҚМДБ бетті тұмшалауға қатысты мәлімдемесін жариялады.
Тағы оқи отырыңыздар:
Бас мүфти оқушы қыздардың орамал мәселесіне қатысты пікір білдірді
Мектепте орамал тағуға тыйым салынды
Ерлан Қарин: Бетті тұмшалауға тыйым – қауіпсіздік сақтауға бағытталған шешім