Бүгiн 2026, 17:23 Фото: Ақтөбе облысының ПД

Бетін жасыру үшін ниқаб киген: Ақтөбеде қымбат смартфондарды ұрлаған күдіктілер ұсталды

Олар бетін тек бейнебақылау камералары арқылы танылмау үшін жапқан.

Ақтөбеде полицейлер сауда үйлерінің бірінен қымбат ұялы телефондарды ұрлау фактісі бойынша тергеу жүргізуде.

Бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеу барысында ұрлыққа қатысы бар екі қыздың қылмыс жасау кезінде бетін толық жауып тұратын киім кигені анықталды. Бұл олардың жеке басын бастапқы кезеңде анықтауды едәуір қиындатқан.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктілердің жеке басын анықтады. Олар Ақтөбе қаласының екі жас тұрғыны болып шықты.

Тергеу барысында күдіктілер өз кінәларын мойындап, қымбат смартфондарды кейін сатып, оңай жолмен ақша табуды көздегендерін айтты. Сондай-ақ олар бетін тек бейнебақылау камералары арқылы танылмау үшін жапқанын, бұл әрекеттің діни ұстанымдарымен ешқандай байланысы болмағанын түсіндірді.

Аталған оқиға қоғамдық орындарда азаматтардың жеке басын анықтау мүмкіндігінің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Жедел-іздестіру шаралары мен бейнебақылау жазбаларын жан-жақты талдаудың арқасында полиция қызметкерлері күдіктілерді анықтап, қылмысты ашты.

Еске сала кетейік, Қазақстанда қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» Заңға енгізілген өзгерістер күшіне енді. Заңға сәйкес, қоғамдық орындарда адамның жүзін тануға кедергі келтіретін киімдерді, атап айтқанда ниқаб, балаклава, бетперде және осыған ұқсас бетті толық жабатын өзге де киім түрлерін киюге тыйым салынады.

Сонымен қатар, адамның жүзін жаппайтын және оның жеке басын анықтауға кедергі келтірмейтін діни киімдерге бұл шектеу қолданылмайды.

Полиция қызметкерлері халық арасында заң талаптарын түсіндіру және құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізуде.

Еске салайық, бұған дейін қоғамдық орындарда киім кию тәртібіне қатысты полиция қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын жүргізді.