"Беске дейін үлгер": Ата-аналарға арналған мобильді қосымша іске қосылады
Қазақстанда мектеп жасына дейінгі балалардың ата-аналарына балаларды күту және дамыту бойынша консультациялық көмекке қол жеткізуге мүмкіндік беретін «Беске дейін үлгер» мобильді қосымшасы іске қосылуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Беске дейін үлгер» қосымшасы ата-аналарға үй жағдайында балаларға денсаулық, тамақтану, тәрбие, дағдыларды дамыту және балалармен өзара әрекеттесу сияқты маңызды мәселелер бойынша қолжетімді әрі түсінікті контент ұсынады. Қосымшадағы барлық материалдар нейробиологиялық зерттеулердің ғылыми деректеріне негізделіп әзірленген, бұл олардың тиімділігі мен практикалық құндылығын қамтамасыз етеді.
Қазіргі уақытта қосымша пилоттық режимде Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Ақтөбе облыстарындағы мектепке дейінгі ұйымдарда тестіленуде. Толық ауқымда іске қосу қараша айына жоспарланған. Сондай-ақ контент консультациялық орталықтарда да қолжетімді болады, — деп атап өтті мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манар Адамова.
Ата-аналар мектепке дейінгі жастағы балаларды тәрбиелеу және дамыту мәселелері бойынша тәулік бойы әдістемелік және психологиялық қолдау ала алады, бұл отбасыларда үйлесімді атмосфера қалыптастыруға ықпал етеді.