"Беске дейін үлгер". Ата-аналарға арналған мобильді қосымша іске қосылады
Мектеп жасына дейінгі балалардың ата-аналарына арналған мобильді қосымша іске қосылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ата-аналарға балаларды ерте жастан күту және дамыту бойынша консультациялық көмек көрсету үшін «Беске дейін үлгер» мобильдік қосымшасы іске қосылады, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Мобильді қосымша үйде бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға денсаулық, тамақтану, тәрбие, дағдыларды қалыптастыру мен дамыту және өзара қарым-қатынас құру бойынша қолжетімді ақпарат ұсынады.
Қосымшаның мазмұны әлемдік институттардың нейробиологиялық зерттеулерінің ғылыми деректері негізінде әзірленген және біздің мәдени-тарихи құндылықтарымыз ескерілген.
Қазіргі уақытта қосымша Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Ақтөбе облыстарының мектепке дейінгі ұйымдарымен бірлесіп пилоттық режимде сынақтан өтуде. Оны толық масштабтау қараша айында жүзеге асырылады. Сондай-ақ оның мазмұны сабақтарға арналған идеялар мен практикалық кеңестер ұсыныла отырып, консультациялық орталықтарда пайдаланылатын болады, - деп атап өтті Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манар Адамова.
Айта кету қажет, мобильді қосымша мектепке дейінгі ұйымдардың консультациялық пункттерінде қолжетімді болады. Ата-аналар мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу және дамыту мәселелері бойынша тәулік бойы әдістемелік және психологиялық көмек ала алады.