Бес жылда толық жаңарған ауыл әкімдері корпусынан не күтеміз?

Мемлекеттік басқару жүйесіне жаңа серпін беретін реформалар өз жемісін беріп жатыр. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

Қазақстанда соңғы бес жыл ішінде ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі енгізіліп, нәтижесінде әкімдердің бүкіл корпусы 100 пайызға жаңартылды. Бүгінде ауылды мұғалімдер, дәрігерлер, шаруалар мен кәсіпкерлер басқарып отыр. 

Бұл өзгерістен не күтеміз? Жаңарған басқару жүйесі ауыл өміріне қандай серпін береді? Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өз ойын айтты.

Бес жыл бұрын саяси реформалар аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерін тікелей сайлау механизмін енгізу туралы бастама көтерген болатын. Соның нәтижесінде, кейінгі жылдары ауыл әкімдерінің корпусы 100 пайыз жаңартылды. Барлық 17 облыста жалпы саны 2 969 әкім сайланды. Олардың 864-і – өзін-өзі ұсынған үміткерлер, ал 283-і – әйелдер. Жаңа әкімдердің басым бөлігі бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемегенін айта кету керек. Халық сеніміне ие болған азаматтардың қатарында мұғалімдер, дәрігерлер, шаруалар, кәсіпкерлер, жергілікті кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарының басшылары бар. Бүгінде ауыл әкімдерінің орташа жасы – 44 жас. Сайлау нәтижесінде ауыл әкімдерінің корпусы жан-жақты жаңартылды, - дейді Мемлекеттік кеңесші.

Оның айтуынша, биыл сайлау тікелей дауыс беру арқылы өтеді. Сол себепті мемлекеттік қызмет саласында түбегейлі өзгерістер болмақ.

Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру үдерісі жалғасып жатыр. Былтыр барлық өңірде 45 аудан әкімін сайлау пилоттық режимде өтті. Ал биылдан бастап қазіргі аудан мен облыстық маңызы бар қала әкімдерінің өкілеттіктері аяқталуына қарай сайлау тікелей дауыс беру арқылы өткізіледі. Осылайша, Қазақстанда саяси реформаларды жүзеге асыру үдерісі жалғасып, мемлекеттік қызмет саласында түбегейлі өзгерістер жасалып жатыр, - дейді Ерлан Қарин. 

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы