Бес қабатты үй құлап, жолаушылар автобусын басып қалды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында сүрілуге дайын тұрған бес қабатты тұрғын үй ішінде жолаушылары болған автобустың үстіне құлады.
Pravda.com.ua хабарлауынша, қайғылы оқиға болған жерде бес қабатты тұрғын үйді сүру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқан. Тұрғын үй аялдамаға автобус тоқтаған кезде құлаған. Дәл сол сәтте қоғамдық көліктің ішінде 17 адам болған. 9 жолаушы қайтыс болды. Қалғандары ауыр жарақат алды.
Үйді сүруге жұмылдырылған жұмысшылар қайғылы оқиға кезінде ертерек эвакуацияланған екен. BBC мәліметтері бойынша, олардың кейбіреулері тергеушілерге жаяу жүргіншілерге арналған жолды үй құламас бұрын жауып тастағандарын айтқан.
Тұрғын үйге қарама-қарсы тұрған дүкен иесінің сөзінше, үйдің құлағаны жердің сілкінгеніндей болды.
Мен жолға қарай алмадым. Бәрі тұман басып кеткендей болды. Сосын сыртқы бақылау камераларын қарап, үйдің автобусқа құлағанын көрдім, - деді ол.
Қазір полиция төтенше жағдайдың себебін анықтауда.
Шетелдік БАҚ-тар 1995 жылы Оңтүстік Кореяда 500 адамның өмірін қиған қайғылы оқиғаны еске алып жатыр. Ол кезде Сеулде бес қабатты «Сампун» сауда үйі құлап, 500 адам қаза болған болатын. Бұл бейбіт замандағы ең үлкен апат болды.