20 Қараша 2026, 18:13 Фото: ©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Бес елдің шабандоздары Астанада бас қосты: Әлем кубогының финалы басталды

Астанада Қазақстан тарихында алғаш рет ұйымдастырылған халықаралық додада Стокгольмге берілетін үш жолдама сарапқа салынып жатыр.

Астанада конкурдан FEI Әлем кубогы Еуразия лигасының финалы басталды. Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отырған халықаралық додада бес елдің үздік шабандоздары бас қосты. Олар Швецияның Стокгольм қаласында өтетін Әлем кубогының Үлкен финалына берілетін үш жолдама үшін бақ сынайды. BAQ.KZ тілшісі жарыстың салтанатты ашылу рәсімінен фоторепортаж ұсынады.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

20 қарашада елордадағы «Арғымақ» ат спорты кешенінде Конкурдан FEI Әлем кубогы 2026 Еуразия лигасының финалы  жарысының салтанатты ашылу рәсімі өтті. 

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Ат спорты федерациясының басшылығы, халықаралық ат спорты ұйымдарының өкілдері, шетелдік спортшылар мен құрметті қонақтар қатысты. Олардың қатарында Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) бірінші вице-президенті Марк Самуэль де бар.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген ҚР Ат спорты федерациясының басшысы Рустам Ахатханұлы Баялиев бұл жарыстың Қазақстан үшін тарихи маңызын атап өтті.

Бүгін елордамызда әлемдік деңгейдегі айтулы дода – конкурдан FEI Әлем кубогы Еуразиялық лигасының финалын ашып отырмыз. Бұл – Еуразия кеңістігіндегі ең беделді бәсекелердің бірі. Биыл еліміз Әлем кубогының үш кезеңін жоғары деңгейде өткізіп, міне, бүгін сол маусымның шешуші мәресін қабылдап отыр, – деді ол.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Федерация басшысының айтуынша, соңғы уақытта Қазақстан ат спорты халықаралық аренада өзін сенімді түрде танытып келеді. Бұған елімізде ұйымдастырылып жатқан республикалық және халықаралық жарыстар, сондай-ақ жас спортшылардың өсіп келе жатқаны дәлел.

Осы қараша айы біздің Федерация үшін өте жемісті болды. Үш маңызды республикалық жарысты сәтті өткіздік. Олардың қорытындысы бізге зор үміт сыйлады. Елімізде ат спортына қызығатын, әлемдік деңгейде бәсекеге түсе алатын жаңа, талантты жас буын өсіп келе жатқанын анық көрдік, – деді Рустам Баялиев.э

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Сондай-ақ ол Қазақстанның алдағы халықаралық жоспарларына тоқталды. Федерация келесі жылы мамыр айының соңында Астанада Олимпиада ойындарына лицензия беретін арнайы квалификациялық турнир (Special Event) өткізуге ресми өтінім берген.

Бұл – алдымызға қойған мақсаттарымыздың бірі. Қазақстанды әлемдік ат спортының маңызды орталықтарының біріне айналдыру бағытында жұмыс істеп келеміз. Қазіргі таңда Халықаралық ат спорты федерациясымен, Еуразиялық ат спорты ассоциациясымен және аймақтық федерациялармен әріптестік байланысымыз бұрынғыдан да беки түсті, – деді федерация басшысы.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

FEI өкілі: «Қазақстан халқы жылқыны жақсы көреді»

Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) бірінші вице-президенті Марк Самуэль де Астанадағы жарыстың маңыздылығына тоқталып, Қазақстанға алғаш рет келгенін айтты. Оның сөзінше, елордадағы ат спорты инфрақұрылымы мен өңірдегі ат спортына деген қызығушылық жақсы әсер қалдырған.

Еуразия лигасының финалында болу мен үшін үлкен қуаныш. Бұл – бүкіл өңір үшін өте маңызды жарыс. Мен бұл аймаққа алғаш рет келіп отырмын және алған әсерім ерекше. Мұнда жылқыны жақсы көреді. "Арғымақ" ат спорты кешені де өте әдемі, жарыс өткізуге жақсы жағдай жасалған. Мұнда жоғары деңгейдегі бәсеке болады деп сенемін, – деді Марк Самуэль.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Оның айтуынша, мұндай халықаралық турнирлер тек тәжірибелі спортшылар үшін ғана емес, болашақта үлкен жетістікке жеткісі келетін жас шабандоздар үшін де маңызды мүмкіндік.

Ең маңыздысы – мұндай жарыстар өңірдегі ат спортының дамуына серпін береді. Жас шабандоздар халықаралық деңгейдегі бәсекені өз көзімен көріп, қандай нәтижелерге қол жеткізуге болатынын түсінеді. Бұл олардың болашақтағы арманы мен мақсатына жол ашады, – деді FEI вице-президенті.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Сондай-ақ ол қазақстандық шабандоздарға сәттілік тілеп, спортшылар үшін халықаралық жарыстарға қатысудың маңызын атап өтті.

Ұлттық және аймақтық жарыстарға қатысу маңызды. Алайда спортшының өз деңгейін көтеруі үшін халықаралық аренада, өзінен де мықты қарсыластармен бәсекеге түсуі қажет. Мен Канада құрамасында халықаралық деңгейде өнер көрсеткен кезімде де дәл осындай тәжірибе арқылы шеберлігімді шыңдадым. Қазақстандық спортшылардың ел намысын лайықты қорғайтынына сенемін және оларға жанкүйер боламын, – деді Марк Самуэль.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов
©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Бес елдің үздік шабандоздары бақ сынайды

Биылғы финалға Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Грузия құрамаларының үздік шабандоздары қатысып жатыр. Спортшылар маусым бойындағы нәтижелері мен арнайы квоталар негізінде іріктелген.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Айта кетейік, жарыс аясында Стокгольмде өтетін FEI Әлем кубогының Үлкен финалына үш жолдама сарапқа салынады. Сондықтан Астанадағы бәсеке қатысушылар үшін маусымның шешуші кезеңдерінің біріне айналып отыр.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыс бағдарламасы бірнеше күнге жоспарланған. Қатысушылар жабық манежде түрлі биіктіктегі кедергілерден секіріп, техникалық шеберлігі мен тұлпарларының дайындығын көрсетеді.