Бес баланың өлімі. Мәдениет қызметкерлері бір күндік жалақысын аударады
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Мәдениет және спорт министрлігінің ұжымы бір күндік жалақыларын Астанада өрттен қаза тапқан бес баланың отбасына аудармақ. Бұл туралы ведомствоның басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлы Facebook-тағы ресми аккаунтында мәлімдеді.
«Астанада бес бірдей қыз баланың қазасына қатты қапаланып отырмын. Балаларынан айырылып, қанаттары қайырылған отбасына қолдау көрсету керек деп санаймын. Министрлігіміздің ұжымы ақылдаса келе бір күндік жалақымызды аударамыз деп шештік. Әке-шеше, туыстарына шын жүректен қайғырып көңіл айтамын, берік болыңыздар», - деп жазды Мұхамедиұлы.
Еске сала кетсек, 4 ақпан күні түнде «Сарыарқа» ауданындағы «Көктал-1» тұрғын үй алабында өрт шығып, онда жеке үйдің аумағындағы шағын үй жанып кеткен. Салдарынан 2006, 2009, 2014, 2016, 2018 жылы туған бес бала көз жұмды.
Бүгін Қазақстан Президенті қаза болған балалардың ата-анасы мен туысқандарына көңіл айтты. Үкімет отырысында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов 5 баланың өмірін жалмаған өрттің неден шыққанын мәлімдеді.