Бес баланың өлімі. Ақтөбеліктер құран бағыштады
Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Астанада болған жағдай қалың елдің қабырғасын қайыстырды. Бүгін денелері жер қойнына тапсырылған 5 қызға ақтөбеліктер де құран бағыштап, аспанға шар ұшырды.
Ақтөбе қаласындағы «Астана» саябағына жиналған жұрт бүгін аспанға ақ және қара түсті шарларды ұшырды. Журналист Бақыт Жаншаева бастаған қоғам белсенділерінің сөзінше, «қара түс – қаралы көңіл, ақ түс – ертеңгі күнді» сипаттайды. Оннан астам адам періштелердің ата-ана, туыстарына көңілдерін осылайша білдіріп, кейін орталық мешітке барып, құран бағыштады.
«Астанада опат болған 5 періштенің қазасы бәрімізді қаусатып кетті. Қолдан келер шара жоқ! Аза тұтып, дұға оқып, сәбилердің анасына көмекке қаржы жинап, қолымыздан келер қолдауымызды білдіргіміз келеді. Сол үшін ақтөбеліктер Астана саябағындағы қабырға жанына жиналдық»,-деді қоғам белсендісі Бақыт Жаншаева.
Марқұмдардың анасының арнайы есепшотына ақтөбеліктер бірауыздан қаржы салып жатыр. Әлеуметтік желілерде де өңір тұрғындары қаза болған қыздардың жақындарына қайғырып, көңіл білдіріп, ақындар өлең жазды.
Айта кетейік, 4 ақпан күні түнде «Сарыарқа» ауданындағы «Көктал-1» тұрғын үй алабында өрт шығып, онда жеке үйдің аумағындағы шағын үй жанып кеткен. Салдарынан 2006, 2009, 2014, 2016, 2018 жылы туған бес бала көз жұмды. Мемлекет басшысы мен Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев елордада өрттен көз жұмған балалардың ата-анасына көңіл айтты.