"Бес балам бар, ажырасқанмын": Төрт адамды өлтірді деп айыпталған күдікті сотта не айтты
Атырауда қанды қылмысқа қатысты сот отырысы өтіп жатыр.
Атырауда елді дүр сілкіндірген қанды қылмысқа қатысты сот отырысында айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиев судьяның сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, ол Атырау облысының Махамбет ауданында туған. Орта білімі бар, тұрақты жұмыс істемеген.
Мен Махамбет ауданында дүниеге келдім. Білімім – орта. Тұрақты жұмысым болған жоқ. 2022 жылдың қыркүйегінде ресми түрде ажырастым. Бес балам бар. Әскерде қызмет еттім, – деді ол сотта.
Еске салайық, Сұлтан Сәрсемәлиевке төрт адамды өлтірді деген айып тағылып отыр. Ол қаза тапқан отбасының күйеу баласы болған. Айыпталушы марқұмдардың қызы Ақбаян Мұқанғалиеваға үйленген.
Бұған дейін осы іске қатысты сот отырысы басталғаны хабарланды.
Сот процесі Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатыр. Істі бұған дейін Яна Легкодимова мен NCOC компаниясының менеджері Бибігүл Шпанованы өлтіргендерді «Қара бүркітке» жіберген Зарема Хамидуллина қарап жатыр.
Айта кетерлігі, іс ашық форматта қаралып жатыр. Сот отырысына судья Зарема Хамедуллина төрағалық етуде. Өңірдегі ең резонансты әрі ауыр қылмыстық істер көп жылдан бері дәл осы судьяға тапсырылып келеді. Ол бұған дейін Яна Легкодимованы өлтіру ісін қарап, айыпталушыларды өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кескен болатын.
Айыпталушылар орнында Сұлтан Сәрсемәлиев отыр. Оған төрт адамды өлтірді, сондай-ақ марқұмдардың малын сатып, банк карталарын иемденді деген айып тағылған. Ол сот өтетін ғимаратқа арнайы айдауылмен жеткізілді.
Еске салайық, бұған дейін Атырау облысындағы Жангелдин ауылынан ерлі-зайыпты мен олардың екі ересек баласы бар отбасының хабар-ошарсыз кеткені белгілі болған еді.
Ал 6 қаңтарда жантүршігерлік дерек белгілі болды. Үйдің жанындағы қорадан ерлі-зайыптылардың мәйіті табылған.
Сондай-ақ біз Атырау облысындағы қоғамды шошытқан сұмдық оқиғаның хронологиясына тоқталған едік.