Бес ай карантиннен кейін Алматыдағы науқас балаларға ота жасала бастады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласында бес айлық карантиннен кейін ауыр науқасқа шалдыққан сәбилерге ота жасау қайта басталды. Әсіресе, шағын инвазиялық хирургия әдісіне басымдық беріліп отыр. Қазір қолда бар жаңа технологиялар мұндай оталардың жеңіл әрі сәтті өтуіне мол мүмкіндік берді.

Мен баламды туғанда басы өте ерекше болды. Басқа балалардікіндей емес. Қазір менің жанымда. Құдайға шүкір. Мың да бір рахмет. Қазір үшінші күн. Құдай қаласа біз жазылып келе жатырмыз. Бұйыртса, бізді жақын арада үйге жіберетін шығар, - дейді Сафина есімді нәрестенің анасы Гауһар Асылбекова.

Краниосиностоз кезінде нәрестенің бас сүйектерінің жігі мен еңбегі тез бітіп кетеді. Егер ота дер кезінде жасалмаса, мидың өсуі тежеледі. Соның салдарынан баланың дамуы кешеуілдеп, көзі нашарлап, денесі құрыса бастайды. Бұдан басқа да қиындықтар туындайды екен.

Бұл операция эндоскопиялық ассистенциямен өтеді. Эндоскопия кезінде біз бақылап тұрамыз. Қан қайда құйылып жүргенін, не істеп жүргенімізді, инструменттер қалай баратынын бәрін көреміз. Ерекшілігі, бұндай операцияларды тағы да ол балаларға 6 айға толғанға дейін жасаймыз. Операция жасағаннан кейін баланың өмірі кәдімгі балалармен тең болады. Ешқандай өзгерістер болмайды, - дейді нейрохирург Азамат Жайылғанов.

Дәрігердің айтуынша, жаңа әдіс өте қауіпсіз. Бұрын хихургтар бастың біраз бөлігін кесетін. Кішкентай пациенттер көп қан жоғалтып, қан құюға мәжбүр болатын. Жаңа технологияның көмегімен қазіргі ота тез әрі жеңіл өтеді екен. Оған дәлел, алматылық хирургтар жыл басынан бері осындай 25 отаны сәтті жүзеге асырған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы