Бернде Қазақстан дамуының басымдықтары талқыланды

Швейцарияның астанасында Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының басымдықтарына арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шараға Швейцарияның мемлекеттік органдары, сарапшылық қауымдастық, іскерлік және академиялық топтарының өкілдері қатысты.

Өз сөзінде Қазақстанның Швейцариядағы Елшісі Қайрат Саржанов Президент Қ.Тоқаевтың 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауында қамтылған негізгі міндеттер туралы хабардар етті.

Қазақстандық дипломат жолдауда Әділ Қазақстанды құру курсының аясында экономиканы дамыту үшін барынша қолайлы жағдайлар жасауға және жеке бастаманы жүзеге асыруға баса назар аудара отырып, мемлекет дамуының негізгі бағыттары көрсетілгенін атап өтті.

Орталық Азия мемлекеттері арасындағы байланыстарды нығайтуға, Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге және БҰҰ рөлін ілгерілетуге, аймақта және әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті күшейтуге ұмтылатын орта держава ретінде Қазақстанның сыртқы саясатының басымдықтарына ерекше назар аударылды.

Іс-шараға қатысушылар Қазақстан өміріндегі өзекті мәселелер мен елдің даму басымдықтары туралы ақпаратты үлкен қызығушылықпен алды. Дискуссиялар шеңберінде қатысушылар екі ел арасындағы саяси диалогтың жоғары қарқыны және сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету үшін үлкен әлеует атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы