Берлинге дейін жеткен 103 жастағы қазақ ардагері: «Соғыс бәрін өзгертті»
Соғыс ардагері Рзағұл Байкешев майдандағы ауыр күндерді, Берлиндегі Жеңіс сәтін және елге оралғаннан кейінгі өмірін еске алды.
Биыл Ұлы Жеңіске 81 жыл толып отыр. Сол сұрапыл жылдардың куәсі болған майдангерлердің қатары сирегенімен, олардың тағдыры мен естелігі халық жадында сақталып келеді. Солардың бірі – екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, бүгінде 103 жасқа келген Рзағұл Байкешев, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында 1923 жылы дүниеге келген қария соғыс басталғанда небәрі 17 жаста болған. Мектеп бітіріп, совхозда еңбек етіп жүрген бозбаланың өмірі бір күнде өзгеріп кеткен.
«Соғыс басталды» деген хабар бәрін өзгертті
Рзағұл ата 1941 жылдың 18 қазанында Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданынан әскер қатарына шақырылған. Ол кезде жасы енді ғана 17-ге толған еді.
Арман қуып жүрген жас бозбаланың өмірін соғыс астан-кестең етті.
Германияның Кеңес Одағына шабуыл жасағаны туралы радиодан хабар естілді. Әуе дабылы қосылды. Сол сәт әлі күнге көз алдымда. Жастарды да, жасы үлкендерді де, қыздарды да соғысқа алды. Дереу мобилизация басталды, – деп еске алады ардагер.
Әскери дайындық кезінде қару ұстауды, соғыс тактикасын меңгеріп, физикалық әрі психологиялық дайындықтан өткен. Майданға қайда жіберілетіндерін нақты білмесе де, бәрінің көкейінде бір ғана ой болған – Отанды қорғау.
Калинин облысынан Берлинге дейін
Арнайы дайындықтан кейін Рзағұл Байкешев майданның ең ауыр бағыттарының бірі – Калинин облысына жіберілген. Ол Ржев, Великие Луки, Белый қалаларындағы шайқастарға қатысқан.
Кейін Днепрді жеделдету операциясына қатысып, Польша, Румыния мен Венгрияны азат етуге атсалысқан.
Ардагердің айтуынша, алғашқы күндері бойында қорқыныш болған. Бірақ майдан шындығы адамды тез өзгертеді.
Ұрыс басталатыны туралы ескерту жасалған кезде ұйқысыз түн күтіп тұрғанын білетінбіз. Қаруымызды тазалап, әр патронды тексереміз. Әдетте екі рет сирена ойнайды, үшіншісінде ұрысқа кіретінбіз. Тәртіп өте қатал болды, – дейді ол.
Майдандағы көріністерді еске алу ардагерге әлі де ауыр.
Снарядтардан дірілдеген жер, қара түтінге толған аспан, жанында қаза тапқан сарбаздар... Соғыстың ащы шындығы көз алдында қалып қойған.
Кейде бұл соғыс не үшін керек болды деп ойлайсың. Бірақ ол кезде ойлануға уақыт жоқ еді. Бұйрық орындалуы керек. Соғыс – әр қадамың соңғы болуы мүмкін жер, – дейді майдангер.
Мәскеу түбіндегі жарақат
1943 жылы Рзағұл Байкешев ауыр жараланған. Бұл оқиға Мәскеу түбіндегі Ногинский ауданында болған.
Неміс сарбаздары лақтырған бомбаның жарықшағы арқасына тиіп, содан бері бір қолын толық көтере алмай қалған.
Кейде әлі күнге дейін қақсап ауырады, – дейді қария.
Соғыстан кейін оған үшінші топ мүгедектігі берілген.
Берлиндегі соңғы шайқас
1945 жылдың 25 сәуірінде Рзағұл Байкешев майдандастарымен бірге Берлинге кірген.
Ол күндерді ардагер әлі анық есінде сақтайды.
Қалада хаос болды. Әр квартал үшін бірнеше күн соғыстық. Қираған ғимараттар, снайперлер... Бірақ Жеңістің жақындап келе жатқанын сездік, – дейді ол.
Берлин үшін шайқас өте ауыр өткен. Қираған көшелермен жүріп, әр үйден қауіп күткен.
Адамдар шаршады, техника істен шықты. Бірақ соңында Қызыл туды көтердік. Қуаныштан көзімізге жас келді. Бас киімдерімізді аспанға атып, Жеңісті қарсы алдық, – деп еске алады ардагер.
Майдандағы ерлігі үшін Рзағұл Байкешев І және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Маршал Жуков» төсбелгісімен және бірнеше мерейтойлық наградалармен марапатталған.
Қызыл алаңдағы парад пен елге оралу
Соғыс аяқталған соң сарбаздар бірден үйлеріне қайтпаған. Рзағұл ата Мәскеудегі Қызыл алаңда өткен парадқа қатысқан.
Парадқа дейін бір жыл бойы казармада жұмыс істепті.
Жұмыстың ақшасы есептелгенімен, қолымызға тимейтін. Тек сигаретке ақша беретін. 1946 жылы киімдерімізді, тапқан ақшамызды беріп, пойызға отырғызып елге қайтарды, – дейді ол.
Елге оралған соң туған ауылында жаңа өмір бастаған. Әке атанып, еңбекке араласқан. Соғыстың жарасы денесінде қалғанымен, қоғамнан шет қалмаған.
Соғыстан кейінгі өмір
1956 жылы Комсомол жолдамасымен Ақмола облысына барған. Соғыстан кейін қираған шаруашылықты қалпына келтіру жұмыстарына қатысқан.
Бүгінде Рзағұл Байкешев екі ұлынан бес немере, он бір шөбере сүйіп отыр.
Ғасыр жасаған қарияның өмір жолы – бір адамның тағдыры ғана емес, тұтас бір ұрпақтың тарихы.