Берлиндегі шабуыл: Күдікті полициямен қақтығыс кезінде көз жұмды
Оқиғадан кейін Германия билігі елдегі қауіпсіздік деңгейін күшейтіп, ірі бұқаралық іс-шараларда қосымша қауіпсіздік шараларын енгізетінін мәлімдеді.
Германияның Берлин қаласында өткен Christopher Street Day (Pride) шеруіне жасалған шабуылға қатысы бар деген күдікті полиция жүргізген арнайы операция кезінде оққа ұшты.
Берлин полициясының мәліметінше, 21 жастағы Германия азаматы, тегі ливандық Абдул Баллоут жексенбі күні қаланың батысындағы Шпандау ауданында құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне пышақпен шабуыл жасауға әрекеттенген. Осыған байланысты полиция қару қолданып, күдікті оқиға орнында көз жұмды.
Күдікті сенбі күні кешке Тиргартен саябағы маңында адамдар көп жиналған жерге ақ түсті шағын автобуспен кіріп кетіп, кейін пышақпен бірнеше адамға шабуыл жасады деген күдікке ілінген. Оқиға салдарынан бір әйел қаза тауып, кемінде 29 адам түрлі жарақат алды.
Германияның Ішкі істер министрі Александр Добриндттың айтуынша, тергеудің бастапқы деректері бұл оқиғаның исламшыл террорлық шабуыл болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Тергеу мәліметіне сәйкес, Абдул Баллоут бұған дейін бірнеше рет сотталған. 2025 жылы Сириядағы «Ислам мемлекеті» террористік ұйымына қосылуға әрекет жасап, Ливанда ұсталған. Кейін Германияға экстрадицияланып, мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіретін зорлық-зомбылық әрекеттерін дайындағаны үшін сотталғанымен, жазасы шартты түрде кейінге қалдырылған.
Оқиғадан кейін Германия билігі елдегі қауіпсіздік деңгейін күшейтіп, ірі бұқаралық іс-шараларда қосымша қауіпсіздік шараларын енгізетінін мәлімдеді.
Берлинге барған Германия канцлері Фридрих Мерц қаза болған азаматтың туыстары мен зардап шеккендерге көңіл айтып, экстремизмнің кез келген түріне қарсы күрес жалғасатынын атап өтті.
Алдын ала мәлімет бойынша, шабуылдан зардап шеккендердің өміріне қазіргі уақытта қауіп төніп тұрған жоқ. Тергеу жалғасуда.