Берлинде Қазақстан-Германия ынтымақтастығы талқыланды
Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Берлинге жасаған жұмыс сапары аясында Германия Федералдық Сыртқы істер министрлігінің Орталық Азия, Шығыс Еуропа және Кавказ елдері бойынша уәкілі Маттиас Люттенбергпен кездесті.
Өзара түсіністік пен ашық диалог рухында өткен кездесу барысында тараптар екіжақты, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелердің кең ауқымын, соның ішінде ағымдағы жылы жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру бойынша бірқатар ұсыныстарды талқылады.
Қазақстандық дипломат 2023 жылғы екіжақты қарым-қатынастардың даму динамикасын жоғары бағалады: «Екі ел президенттері Франк-Вальтер Штайнмайердың Қазақстанға және Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға өзара сапарлары, сондай-ақ елдеріміздің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары – Мұрат Нұртілеу мен Анналена Бербоктың келіссөздері саяси диалогтың дамуына елеулі серпін берді».
М.Люттенберг өз кезегінде Қазақстан мен Германия ынтымақтастығын оң бағалап, Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Германия Федералдық канцлері қабылдаған Бірлескен мәлімдемесі аясында стратегиялық өңірлік әріптестікті нығайту бойынша жұмыс істеуге дайын екенін білдірді.
Келіссөздер барысында климаттың өзгеруі мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, сұхбаттасушылар қазіргі таңда бүкіл аймаққа кері әсерін тигізетін экологиялық жағдайдың нашарлауына, су ресурстары тапшылығының күшеюіне және құрғақшылыққа байланысты Орталық Азия аймағындағы климаттық күн тәртібінің ерекше өзектілігімен келісті.
Р.Василенко неміс серіктестеріне Төмен көміртекті даму стратегиясы аясындағы қабылданған ұлттық міндеттемелерді жаңартылуы, Париж келісімінің мақсаттарына қол жеткізу және биоәртүрлілікті сақтау мақсатында елді көміртексіздендіру туралы хабарлады. Жақында БАӘ-де аяқталған
COP-28 Дүниежүзілік климаттық саммит барысында Қазақстан метан шығарындыларын азайту бойынша Жаһандық міндеттемеге қосылғанын жеткізді.
Мемлекет басшысының Орталық Азия елдері үшін қоршаған ортаны қорғау жөніндегі Жобалық кеңсесін құру және 2026 жылы Қазақстанда БҰҰ аясында аймақтық климаттық саммит өткізу жөніндегі бастамалары туралы ақпаратты неміс тарапы қызығушылықпен қабылдады.
М.Люттенбергтің айтуынша, Федералдық канцлер Олаф Шольцтың шақыруымен Қазақстанның Климаттық клубқа қосылуы екі ел арасындағы осы бағыттағы ынтымақтастықты дамытудың оң үлгісінің көрсеткіші. Тараптар Германияның «Жасыл Орталық Азия» бастамасы аясындағы бірқатар бірлескен экологиялық жобаларға оң баға берді.
Кездесуде энергетика саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері де талқыланды.
Көлік-логистика саласында Орталық және Шығыс Азиядан Еуропаға тауарлар мен өнімдерді жеткізудің ең қысқа жолы болып табылатын «Орта дәліздің» нығайып келе жатқан рөлі атап өтілді.
Екі елдің дипломаттары өзара тауар айналымында байқалып отырған оң динамикасына қанағат білдірді.
Сол күні Р. Василенко Германияның жетекші ғылыми-талдау орталығы – Ғылым және саясат қорына (Stiftung Wissenschaft und Politik) барды.
Қордың директоры, доктор Штефан Майрмен болған сұхбат барысында халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, соның ішінде өңірлік қауіпсіздік, шикізаттық ынтымақтастық, Қазақстан мен Германия арасындағы сауда және энергетикалық байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды.
Орталық Азия мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты дамыту, Қазақстанның бастамалары және Германиямен өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттары бойынша пікір алмасу өтті.
Қордың Қазақстанның талдау орталықтарымен өзара іс-қимылын одан әрі тереңдету перспективалары талқыланды.
Анықтама: Ғылым және саясат қоры (SWP) – қауіпсіздік, халықаралық және еуропалық саясат саласындағы Еуропадағы ең ірі сараптамалық орталықтардың бірі болып табылады.
Өзінің ғылыми зерттеулері негізінде ол Германияның Бундестагі мен Федералдық үкіметіне кеңес береді.
Сондай-ақ, Қор ЕО, НАТО және БҰҰ халықаралық ұйымдарда саяси шешім қабылдайтың тұлғаларға өз қызметтерін ұсынады.
SWP-де 200-ге жуық қызметкер бар, ол сонымен қатар шақырылған зерттеушілермен, стипендиаттармен және тағылымдамадан өтіп жатқан тұлғалармен жұмыс істейді.