Берлинде Alatau City-ді дамыту бойынша 11 келісімге қол қойылды
Германия инвестициясы мен технологиясы Alatau City жобасына тартылады
Берлинде Alatau City-ді дамыту бойынша 11 келісімге қол қойылды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Alatau City инвестициялық роуд-шоуы аясында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Берлинде Германияның федералдық мемлекеттік органдары мен іскерлік топтарының өкілдерімен келіссөздер жүргізді.
Өнеркәсіп, энергетика, құрылыс және қалалық инфрақұрылым салаларына германиялық инвестициялар мен технологияларды тарту мәселелері талқыланды.
Германия Федералдық канцлерінің халықаралық экономикалық саясат жөніндегі кеңесшісі Левин Холлемен кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы қыркүйекте Германияға сапары барысында ұсынған Қазақстан-Германия инвестициялық-қаржылық платформасын құру мәселесі қаралды. Платформа аясындағы пилоттық бастамалар ретінде Alatau City-дің инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобалары ұсынылды.
Германияның Федералдық тұрғын үй шаруашылығы, қала құрылысы және құрылыс министрлігінің статс-хатшысы Олаф Йоахиммен заманауи құрылыс технологиялары мен энергиялық тиімді шешімдерді енгізу мәселелері талқыланды. Германия Сыртқы істер министрлігінің Еуропа істері жөніндегі статс-министрі Гунтер Крихбауммен екіжақты экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары қаралды.
Берлиндегі роуд-шоудың негізгі іс-шарасы Германия экономикасының Шығыс комитеті мен Германия өнеркәсібінің федералдық одағының (BDI) қатысуымен ұйымдастырылған Alatau City Investment Round Table инвестициялық дөңгелек үстелі болды. Қанат Бозымбаев қаланың инвестициялық мүмкіндіктерін, сондай-ақ инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктері мен инвестициялық преференцияларды көздейтін арнайы құқықтық режимнің негізгі ережелерін таныстырды.
BDI басшылығының мүшесі Вольфганг Нидермаркпен кездесуде германиялық кәсіпорындардың 2026-2028 жылдарға арналған өнеркәсіптік, технологиялық және шикізаттық ынтымақтастық жөніндегі жол картасын жүзеге асыруға қатысу мүмкіндіктері, сондай-ақ Alatau City аумағында жаңа өндіріс орындарын орналастыру мәселелері талқыланды.
Henkel, SVEVIND Energy, Textima, dena және басқа да компаниялардың өкілдерімен өндірістерді локализациялау, энергетикалық және су инфрақұрылымын дамыту, машина жасау саласындағы өнеркәсіптік кооперация, сондай-ақ көпбейінді медициналық орталық құру мәселелері қаралды.
Берлин кезеңінің қорытындысы бойынша өнеркәсіптік өндіріс, машина жасау, құрылыс, медициналық инфрақұрылым, қалалық қауіпсіздік және ұшқышсыз технологиялар салаларындағы ынтымақтастық туралы 11 келісімге қол қойылды.
Alatau City инвестициялық роуд-шоуы Франкфурт-на-Майне қаласында жалғасады. Бағдарлама аясында Германияның банктері мен қаржы институттарының өкілдерімен келіссөздер, сондай-ақ іскерлік топтардың қатысуымен инвестициялық дөңгелек үстел өткізу жоспарланған. Негізгі назар Alatau City-дің инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларын қаржыландыру мәселелеріне аударылады.