Берік Уәли: Тұрсын Жұртбай - біз үшін жүрек майын шам қылған Алаш азматтарының жалғасы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли профессор Тұрсын Жұртбайдың 70 жылдық мерейтойына арналған «Елдік ұстаным және Тәуелсіздік нысанасы» ғылыми-тәжірибелік конференциясында айтты.

Бүгін біз үшін жүрек майын шам қылған Алаш азматтары бар. Солардың ең биік тұғырында тұрғаны, біз жеті бел асқан мерейлі тойына келіп отырған қазақтың эрудит ғалымы, біздің ұстазымыз – Тұрсын Жұртбай ағамыз. Тәуелсіздік тұсында тұлғаланған бірнеше буынның тарихи санасына әдеби түсінік орнауына, мемлекетшілдік қалыптастыруына Тұрсын ағамыздың атқарған еңбегі мен қосқан үлесі оразан зор, - деді ол.

Берік Уәли студент кезінде Тұрсын Жұртбайдың екі томдық «Дулыға» жинағын жастана оқығанын жеткізді.

Қола дәуірінен тартып, тарихтың мұнарасындай қадау-қадау тұлғаларды белгі етіп, уақыттың желісімен біздің заманымызға қарай сол еңбек біздің ұлттық мейірімді оятса керек. Одан кейін үш томдық «Алаш» сол санамызды ұшар биікке көтерді. Ал ағамыздың «Абайтану, «Әуезовтану» ұлан-ғайыр еңбегі бөлек бір әлем, - деді Президенттің баспасөз хатшысы.

Осы орайда Берік Уәли сөздің орайы келіп тұрғанда өткен оқиғаны есіне алды.

Осыдан 8-9 жыл бұрын, 2013 жылы Шымкент қаласында Әлихан Бөкейханның туған күніне орай жергілікті зиялы қауым мен студент қауыммен кездесу ұйымдастырғанда арнайы елордадан Тұрсын ағамызды Шымкентке алдырған едік. Сол кезде біздің үйде де кішкентай дүниеге келді. Оның есімін біз басқаша қоямыз деп жоспарлап жүргенбіз. Тұрсын ағамыз «Әй, Берік, өзінің атын өзі тауып тұрған бала екен, сен баланың атын Әлихан қоюың керек» деп кесіп айтты, - деді ол.

Тұрсын Жұртбай Берік Уәлиге «егер де қоймайтын болсаң, осы уақытқа дейін жазып, сызып, айтып түсіріп жүрген фильмдерің барлығы өтірік» деген екен.

Содан Әлихан деген ат қойдық. Қазір әр кездескен сайын «Әлиханның қалы қалай?» деп Тұрсын ағамыз сұрап отырады, - деді Берік Уәли.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы