Берік Уәли семейліктерді қуантатын жаңалық айтты
2026 жылы Семей қаласы “аристонмен қоштасып”, орталықтандырылған ыстық суға қол жеткізеді. Бұл туралы Абай облвсы әкімі Берік Уәли ОКҚ алаңындағы брифингте айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ыстық су мәселесіне қатысты тұрғындар жиі хабарласады. Алдағы жылы Семей қаласында жаз мезгілінде ыстық су беру мәселесі шешіле ме? Тұрғындарды қуантатын жаңалығыңыз бар ма? - деп редакциямыз әкімге сұрақ қойды.
Абай облысына әкім болып келгенінде Берік Уәли осы мәселені зерттеп, тапсырма бергенін айтты.
Шын мәнінде, қала “аристонмен” отыр, оны мойындаймыз. Оның бәрі қалтаға қосымша салмақ. (Семейге) барғанда “Неге бізде басқа ірі қалалардағыдай ыстық су жоқ?” деген сұрақты қоятынмын. Енді өзім әкім болып келгеннен кейін осы мәселеге бірден кірістім. Біздің жоспарымыз – келесі жылы жылу қазандықтарының жұмысын жазда да тоқтатпай, ыстық су беруді тәуекел етіп отырмыз. Бұйырса семейліктер келесі жылы жазда ыстық сумен қамтамасыз етіледі деген уәдеміз бар. Ол күнге жетіп, сүйінші сұрайтын жағдайға жетейік, - деді өңір басшысы брифингте.
Бұған дейін Берік Уәли Семейдегі ең өзекті проблема қалай шешілетінін айтты. Сөзінше, Семей қаласының қазіргі негізгі мәселесі – жылу тапшылығы. Бұл шектеулердің салдарынан тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыру мүмкін болмай отыр.