Берік Уәли: Мас күйінде көлік жүргізген адам қатаң жазалануы қажет
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Алматы облысында төрт оқушыны соғып кеткен мас жүргізушіге қатысты өз ойын айтты. Бұл туралы Берік Уәли өзінің әлеуметтік желдегі парақшасында жазды.
Алматы облысында жантүршігерлік оқиға болды. Мас жүргізуші жол жиегінде тұрған төрт оқушы қызды қағып кетті. Екі қыз ес-түссіз жатыр. Үшінші оқушының денсаулығына айтарлықтай зардап келген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мас күйінде машина айдаған азаматтардың кесірінен жол-көлік оқиғаларының көбейіп бара жатқанын бірнеше рет айтты. Мысалы, 2019 жылдың 27 қазан күні Президент өзінің Twitter желісіндегі парақшасында «Заңға өзгертулер енгізуді тапсырдым: алкогольді ішімдіктің кез келген түрін ішкен күйінде көлік жүргізгені үшін берілетін жазаны қатаңдату қажет» деп жазған болатын - деді Берік Уәли.
Мемлекет басшысы бұл мәселені 2019 жылдың 29 қазан айында Алматыда өткен жиында да көтерді.
Мас күйінде немесе есірткі және басқа да сананы улайтын заттар қабылдап, қасақана көлік жүргізіп, жол ережесін бұзған барлық азаматтарды түрмеге қамайық. Бұл – азаматтарымыздың заңды құқығына қарсы жасалған ауыр қылмыс. Қылмыстар мен теріс іс-әрекеттердің ауырлығына қарай нақты мерзімге соттап, үлкен көлемде айыппұл салып, машинасын тарып алып, өмір бойына көлік жүргізу құқынан айыру керек. Басқаша еш мүмкін емес, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Берік Уәли Мас күйінде көлік жүргізген адам қатаң жазалануы қажет деп санайтынын айтты.
Президенттің тапсырмасы бойынша заңнамаға өзгерістер енгізілді. 2020 жылдың басынан бастап мас күйінде көлік жүргізгені үшін берілетін жаза қатаңдатылды. Бірақ бекітілген әкімшілік жаза (15 тәулікке қамау, 7 жылға көлік жүргізу құқынан айыру) аздық ететін сияқты. Мас күйінде көлік жүргізген адам қатаң жазалануы қажет деп санаймын. Бұл – қылмыс! - деді Берік Уәли.