Берел қорық-музейінің құнды жәдігерлері цифрлық форматқа көшірілмек
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ7 Өңірімізде Халықаралық Жастар күніне арналған ІX мобильдік медиа мектебі жұмысын бастады. Аталмыш шара барысында Катонқарағай ауданындағы Берел қорық-музейінің құнды жәдігерлерін цифрлы форматқа көшіру және оларды сақтау бойынша шеберлік сағаттары өткізілмек. Бұл туралы altaynews.kz сайтында хабарланбақ.
«Берел мәдениеті: жәдігерлерді цифрлық форматқа көшіру» атты Халықаралық Жастар күніне арналған ІX мобильдік медиа мектептің өткізілуіне Қазақстан Республикасындағы Біріккен Ұлттар Ұйымы Жаһандық Коммуникация департаменті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, С.Аманжолов атындағы Шығыс-Қазақстан мемлекеттік университеті мұрындық болуда.
Медиа мектеп жұмысы барысында Берел мәдениетін цифрлы форматқа көшіру және тарихи жәдігерлерді сақтау модульдары бойынша қазба жұмысына келген археолог-студенттерге семинарлар, шеберлік сағаттары өткізіледі. Жастар жылы аясында Халықаралық жастар күнін архелог студенттермен бірге атап өтуді мақсат тұтқан шарада қатысушылар «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайын аралап, қорғандағы қазба жұмыстарымен танысады. Сондай-ақ, жастар «Берел және Шілікті қорғандарының ұқсастығы мен айырмашылығын анықтайық» тақырыбында топтық жұмыс орындап, Венн диаграммасын құрап шығармақ.