Бердібек Сапарбаев Семей жұртшылығымен кездесті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Үкіметтік делегация Семей қаласының жұртшылығымен кездесті. Бұл туралы primeminister.kz сайты жазды.
Семейліктермен өткен басқосуда ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауының негізгі бағыттары түсіндірілді.Іс-шараға облыс әкімі Даниал Ахметов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров, ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Исин, сондай-ақ үкіметтік емес және жастар ұйымдары, бизнес қоғамдастықтар, шығармашылық және ғылым зиялылар өкілдері қатысты.
Вице-премьер өз сөзінде Мемлекет басшысының саясаты халықты еңбек етуге шақырып, мемлекеттік қолдау механизмін қолдануға бастайтынын атап өтті.
«Биыл 400 мың отбасыға немесе 2 миллионға жуық қазақстандыққа атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Алайда жәрдемақының жағдайы бар адамдарға да төленіп келгені анықталды. Ескерте кететін жайт, атаулы әлеуметтік көмек тек мұқтаж жандарға ғана көрсетілуі тиіс. Ал еңбекке жарамды адамдар жұмыс істеуі тиіс. Егер мамандығы жоқ болса, оқытып, жұмыс тауып беруге, грант пен шағын несие алуға, жеке бизнесін ашуға қолдау көрсете аламыз. Әлеуметтік қолдау қоғамды мемлекет асырайды деген ұғымға иландырмауы керек», — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Сондай-ақ, жас буынның тәрбиесі мен отбасылық құндылықтарды сақтау мәселелеріне баса тоқталды.
«Өкінішке орай, жастар арасында, оның ішінде кәмелеттік жасқа толмаған балалардың ортасында қылмыс пен зорлық-зомбылық жағдайлары өршіп барады. Сондықтан мемлекет пен қоғам бірлесе отырып осы бағытта тиімді жұмыс істеуі керек. Ата-аналар балаларына саналы тәрбие беріп, адамгершілік, моральдық қасиеттерін бойларына сіңіре өсуіне зор көңіл бөлуі тиіс», - деді ол.
Кездесу барысында тұрғындармен қоғамдық келісімді нығайту, ана мен баланы қолдау, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларындағы қызмет көрсету сапасын арттыру, мәдениет пен спортты дамыту сияқты басқа да мәселелер талқыланды.Вице-премьер Семейдегі Жедел медициналық жәрдем ауруханасында бірегей ангиографиялық құрылғымен жасақталған гибридті операция жасау бөлімінің жұмысымен танысты.
Республика бойынша бірінші болып Семейде ашылған гибридті операциялық бөлімнің ерекшелігі сонда, науқастарға бір мезгілде бірнеше ашық әдіспен және интервенциялық араласу арқылы кешенді гибридті ота жасауға мүмкіндік береді.
Гибридті ота жасау қондырғысын орнату және ғимаратты қайта қалпына келтіру жұмыстарына жергілікті бюджеттен 2,3 млрд теңге, оның ішінде жабдықтауға 1,7 млрд теңге жұмсалды. Айта кетейік, кешен халықаралық JCI талаптарына сай, «алтын» стандарт жүйесі бойынша салынды. Орталық ашылғалы бері 263 операция жасалынды. Жалпы жыл сайын 2,9 мың операция жасау жоспары тұр.
Электротехникалық колледжде өткен жиын барысында Бердібек Сапарбаев білім саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, қызмет көрсету сапасын арттыру, мұғалімдердің әлеуметтік мәртебесін көтеру сияқты басқа да мәселелерді көтерді.
Вице-премьердің жұмыс сапары Өскемен мен облыстың басқа аудандарында жалғасады.