Берденов: Басымнан атты, бұғып үлгердім

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденов жауап беріп, өзіне қастандық қалай жасалғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, бірінші оқ басына бағытталыпты.

Алғашқы оқ тура басыма бағытталды. Мен еңкейіп үлгердім. Арқама төрт рет оқ тиді. Жерге құлап түстім. Атқан адам жақындап келіп, қаруын қайта оқтап, тағы да маған бағыттады. Сол сәтте мен шок күйінде болдым, денемді қан жауып жатқанын сездім. Бірақ түсіндім: егер тұрмасам – өлтіреді. Сол кезде бір қолым істемей қалды. Дегенмен орнымнан тұрып, алыстай бастадым. Сол кезде қарудың жерге құлағанын естідім. Жиембай қашпақ болып, екі-үш қадам жасады, бірақ жүргізушім оған тосқауыл қойып, көлікпен жеңіл ғана қағып, жерге құлатты. Ол қайта тұрып, қашып кетті. Ал мен тағы да жерге құладым, - деді Берденов.

Әкім орынбасары алғашқы көмек көрсеткен екі қызға ерекше алғысын білдірді.

Солардың бірі фельдшер екен. Ол маған: "Ұйықтап қалмаңыз, көзіңізді жұмбаңыз" деп демеу беріп, жұбатып отырды. Алғашқы медициналық көмекті солар көрсетті. Сол сәтте мен ауа жетпей жатқанын сезіндім. Ауыз қуысымнан қанның дәмін сезгенде "Бұл – өмірімнің соңы шығар" деп ойладым. Ота кезінде менің өкпемнің 20%-ы алынып тасталды, - деді Берденов.

Ол сондай-ақ оқ атқан адамның кім екенін сол мезетте тани алмағанын айтты.

Қазіргі уақытта қастандық ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Түстен кейінгі отырыста тараптар жарыссөзі басталады деп күтілуде.

Бұған дейін хабарлағанымыздай,  Берденов сотта жауап беріп, күдікті Ернар Жиембайдың қылмыстан бұрын "Не біреуді өлтіремін, не өзім өлемін" дегенін жеткізді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Шымкент қаласы әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы