Бензинге салынатын акциз құны 10 теңгеге қымбаттайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов ҚР ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовке бензинге салынатын акциз құны жөнінде сауал қойды.

Жергілікті бюджеттердің 2020 жылы – 108 млрд теңге, 2021 жылы – 120 млрд теңге, 2021 жылы 148 млрд теңге үстінде қаржыны жоғалтайын деп отыр. Комитеттердің отырысы кезінде осының орнын толтыру механизмдері қандай деген кезде оның бір түрі ретінде бензинге салынатын акциздердің бағасы өсірілетіні айтылды. Бізге берілген анықтамада ол 10 теңгеге өсіріледі деп отыр. Қазіргі кезде тиісті құжаттар дайындалды. Бензинге салынатын акциздің өсуі айналып келгенде жалпы бағаның өсуіне әкеп соқпай ма? Шағын орта бизнес өкілдеріне кері әсер етпей ме? Ондай болжамдарыңыз бар ма?, - деп сұрады Сенат депутаты.
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов бензинге салынатын акцизді көтеру туралы қаулы жобасы әзірленіп жатқанын айтты. 
Акциз көтерілуіне байланысты, бүгінде қаулы жобасы әзірленіп жатыр. Акциз бойынша бір литр құнына 10 теңге қосылады деп күтіліп отыр. Біздің пікірімізше бұл бағаға кішкене ғана үстеме болмақ және ол орта шағын бизнес өнімдерінің өзіндік құнына, инфляцияға айтарлықтай әсер етпейді.  Бүгінде акциздің ішкі үлесін мұнай өңдейтін және жүзеге асыратын компаниялардың табыстары мен шығындары құрайды, - деп жауап берді Дәленов Парламент Сенатының отырысында.
ҚР ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов 2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер көлемі айқындалғаны туралы осыған дейін айтты. Сондай-ақ, министр 2020-2024 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы туралы да айтты.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы