Бензин құйып, от қойған: Қостанайлық тұрғын танысын тірідей өртемек болды
Танысы ашу үстінде жәбірленушінің үстіне бензин құйып, от тұтатқан.
Қостанайлық тұрғын саяжайда танысын тірідей өртемек болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қостанай ауданаралық сотында денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды. Сотталушы К. жанжал барысында танысына бензин құйып, от қойған.
Сот материалдарына сәйкес, оқиға 2025 жылдың тамыз айында Қостанай ауданындағы саяжай учаскелерінің бірінде болған.
Сотталушы К. мен жәбірленуші С. арасында өзара келіспеушілік туындап, жанжалдың соңы ауыр қылмысқа ұласқан. К. ашу үстінде жәбірленушінің үстіне бензин құйып, от тұтатқан.
Нәтижесінде жәбірленушінің денесінің 30–35% бөлігін термиялық күйік шалып, денсаулығына өмірге қауіпті ауыр зиян келтірілген.
Сотталушы кінәсін толық мойындап, жеңілдік жасауды сұраған.
Сот жеңілдетілген мән-жай ретінде оның асырауында кәмелетке толмаған баласы барын ескерген.
Сот үкімімен К. кінәлі деп танылып, оған орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеумен 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, - делінген сот хабарламасында.
Сонымен қатар, сот жәбірленушінің материалдық залал мен моральдық зиянды өндіру туралы талап арызын толық қанағаттандырды.
Айта кетейік, үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.