25 Тамыз 2026, 12:49 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

«Бензин құйғаннан кейін көлігіміз бұзылды»: Министр АИ-95 пен АИ-98 сапасын тексертіп жатыр

Энергетика министрі аталған жағдайға қатысты өз болжамын айтты.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов АИ-95 және АИ-98 бензинін құйғаннан кейін көліктерінде ақау пайда болғанын айтқан қазақстандықтардың шағымына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Министрдің айтуынша, отын сапасына қатысты талаптардың бұзылған-бұзылмағанын тексеру үшін ол өзінің орынбасарын Павлодар мұнай-химия зауытына жіберген.

Өз тарапымнан айтарым, бірнеше күн ғана шыдау керек. Бензиннің жаңа партиясы қазірдің өзінде жолда. Оның ішінде Атырау мұнай өңдеу зауытынан да жеткізіледі. Қысқа мерзім ішінде тиісті сападағы отынмен қамтамасыз етеміз.

Қазір тек болжам ретінде айтып отырмын, мотор отынын өндіру кезінде қандай да бір ақау болған шығар. Жанармай құю станциялары кінәні мұнай өңдеу зауытына артып отыр. Ал мұнай өңдеу зауыты мәселе жанармай құю станцияларынан болуы мүмкін дейді. Мұның бәрін анықтап, жақын арада нақты нүктесін қоямыз, – дейді министр.