Қазақстан жанармай экспортын тағы жарты жылға шектеді
Қазір Қазақстан негізгі назарды мұнай өңдеу көлемін арттыруға аударып отыр.
Қазақстан үкіметі бензин, дизель отыны және бірқатар мұнай өнімдерін шетелге шығаруға қойылған тыйымды тағы алты айға ұзартты. Шектеу 2026 жылғы 21 мамыр мен 21 қараша аралығында күшінде болады. Сонымен қатар 1 шілдеден 31 желтоқсанға дейін Еуразиялық экономикалық одақтан тыс елдерге жеңіл дистилляттарды, авиаотынды, дизель отынын, газойльдерді, толуолды, ксилолды және мұнай битумын экспорттауға бөлек тыйым енгізіледі. Толығырақ BAQ.KZ тілшісінің эксклюзив материалында.
Бір қарағанда мұндай шешім: "Мұнай өндіретін Қазақстан неге жанармай экспортын шектей береді?" деген сұрақты туғызуы мүмкін. Алайда Энергетика министрлігі қазір негізгі міндет – ішкі нарықты толық қамтамасыз ету және жанармай тапшылығына жол бермеу екенін түсіндірді.
Бүгінде министрлік мұнай өнімдерін жеткізу жоспарын ай сайын бекітеді. Ең алдымен жанармай елдің ішкі қажеттілігіне бағытталады.
Тыйым салудың себебі
Тыйымды ұзартудың басты себебі – Қазақстан мен көрші елдердегі жанармай бағасының айырмашылығы. Қазақстанда отын арзанырақ болғандықтан, әсіресе шекара маңындағы өңірлерде оны сыртқа шығару қаупі сақталып отыр.
Қазақстан Республикасындағы және көршілес елдердегі мұнай өнімдері бағасының айырмашылығын, сондай-ақ мұнай өнімдерін ел аумағынан шығаруды реттейтін өзге тетіктердің жоқтығын ескере отырып, шекаралас елдерге жанармай ағынының арту қаупі бар. Соның салдарынан ішкі нарықта жанар-жағармай тапшылығы туындауы мүмкін, – деп хабарлады Энергетика министрлігі редакция тілшісінің ресми сауалына берген жауабында.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, мұндай шаралар қабылданбаса, елдегі жанармай қоры азайып, кей өңірлерде тапшылық пайда болуы ықтимал.
Тыйым енгізілмеген жағдайда жанармайдың елден сыртқа ағылу қаупі, ішкі нарықтағы қордың азаюы және өңірлерде жергілікті тапшылықтың туындау тәуекелі сақталады, – деп атап өтті министрлік.
Жанармай қоры қандай деңгейде
Министрлік мәліметінше, енгізілген шектеулер нақты нәтиже берген.
2026 жылдың басынан бері елдегі бензин қоры 66%-ға өсіп, 362 мың тоннадан 506 мың тоннаға жеткен.
Атап айтқанда:
- АИ-92 қоры 295 мың тоннадан 373 мың тоннаға дейін көбейген. Бұл 21 күндік қажеттіліктен 30 күндік қорға дейін артқанын көрсетеді;
- АИ-95 көлемі 67 мың тоннадан 133 мың тоннаға дейін ұлғайған. Қамтамасыз ету мерзімі 20 күннен 32 күнге дейін өскен;
- дизель отынының қоры 264 мың тоннадан 611 мың тоннаға дейін жеткен. Бұл 18 күндік қажеттіліктен 36 күндік қорға дейін көбейгенін білдіреді.
Министрлік ішкі нарықта жанар-жағармай жеткізілімінің тұрақтылығын сақтап, тапшылыққа жол бермеу жұмыстарын жалғастырып жатыр, – деп атап өтті Энергетика министрлігі.
Сонымен қатар министрлікте де, сарапшылар арасында да тыйым шаралары шексіз жалғаса алмайтыны түсінікті. Ендігі мәселе – нарықтың әкімшілік шектеусіз қашан тұрақты жұмыс істей алатынында.
Сарапшылар не дейді
Мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетовтың пікірінше, жанармайдың көлеңкелі жолмен сыртқа шығарылуының басты себебі – баға айырмашылығы.
Бізде көлеңкелі экспорт мәселесі әрдайым болды. Қазіргі көрсеткіштерге қарасақ, белгілі бір оң өзгерістер сұр экспорт көлемінің азаюымен байланысты болуы мүмкін. Бұдан бөлек, бастапқыда жанармай бағасы төмен болды, қазір бағаны ырықтандыру процесі жүріп жатыр, – деді сарапшы.
Сарапшының айтуынша, мұндай шектеулерден толық бас тарту үшін елде нарықтық баға жүйесіне көшу және мұнай өңдеу көлемін арттыру қажет.
Жанармай экспортын шектеуден бас тарту мұнай өңдеу зауыттары кеңейтілгеннен кейін немесе, ең ықтималы, нарықтық баға жүйесіне толық көшкен соң мүмкін болады деп ойлаймын. Қазақстан мен көрші елдердегі баға деңгейі шамалас болған кезде көлеңкелі экспорттың экономикалық мәні де жойылады, – дейді сарапшы.
Сарапшы сондай-ақ нарықтық бағаның жобалардың өзін-өзі ақтау мерзімін қысқартатынын айтты. Оның пікірінше, бұл инвесторлардың мұнай өңдеу саласын кеңейтуге қызығушылығын арттырады.
Қазақстан неге үміт артып отыр
Қазір Қазақстан негізгі назарды мұнай өңдеу көлемін арттыруға аударып отыр.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, елде Атырау мұнай өңдеу зауытын, Шымкент мұнай өңдеу зауытын және Павлодар мұнай-химия зауытын кеңейту жобалары жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар жаңа мұнай өңдеу зауытын салу жоспары бар.
Барлық жоба аяқталғаннан кейін елдегі мұнай өңдеу қуаты жылына 18 млн тоннадан 40 млн тоннаға дейін ұлғаюы тиіс.
Бұл өзгерістер толық іске аспайынша, жанармайды шетелге шығаруға қойылған тыйым Қазақстан үшін жай ғана шектеу емес, ішкі қорды сақтап қалудың, тапшылыққа жол бермеудің және жанармай нарығындағы реформаларды тұрақты өткізудің бір тетігі болып қала береді.