Бүгiн 2026, 15:15 Фото: ©BAQ.KZ/Олжас Адай

Бензин бағасы өсе ме? Нарықта не өзгереді – сарапшылар пікірі

Сарапшылар бензин бағасына, мораторий аяқталған соң нарықта не өзгеретініне қатысты пікір білдірді.

Бүгін KAZENERGY қауымдастығы алаңында жанар-жағармай нарығындағы баға қалыптастыру мәселелері талқыланады. Дөңгелек үстелде сала сарапшылары, мұнай компаниялары мен жанармай құю станциялары өкілдері бас қосып, нарықтағы өзекті үрдістерді саралады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Наурыз айының соңында жанармай бағасына енгізілген мораторий аяқталғалы тұр. Осыған байланысты "Бензин бағасы қалай өзгереді?" деген сұрақ күн тәртібіне шықты. Сарапшылардың айтуынша, бағаның өсуіне бірнеше нақты фактор әсер етіп отыр.

«Energy Monitor» қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұловтың сөзінше, өткен жылы АИ-92 бензині мен дизель отынына мемлекеттік баға реттеуі алынып тасталғаннан кейін нарықта біртіндеп өсім байқалды.

Фото: ©BAQ.KZ/Олжас Адай

Өткен жылы бензин мен дизельге мемлекеттік реттеу алынып тасталды. Соның нәтижесінде баға ай сайын 1-2 теңгеден өсіп отырды. Қазан айында мораторий енгізіліп, бағалар осы жылдың наурызына дейін бекітілді. Қазір бұл мерзім аяқталып келеді. Сонымен қатар әлемдік мұнай бағасы өсіп жатыр. Экспорттық баға барреліне 100 доллардан асса, ішкі нарықта шамамен 25 доллар деңгейінде қалып отыр. Бұл – төрт есеге жуық айырмашылық. Оған қоса ҚҚС өсімі бар, – деді сарапшы.

Оның айтуынша, осы факторлардың жиынтығы бензин бағасының өсуіне алғышарт қалыптастырып отыр. Алайда өсім күрт болмайды.

Өсім болады, бірақ айтарлықтай емес. Мемлекет қандай жағдайда да бағаны ұстап тұру тетіктерін қолданады. Тіпті реттеу толық алынған күннің өзінде де баға қолмен басқару арқылы тежеледі, – деді Жұмағұлов.

Сарапшы тағы бір өзекті мәселеге назар аударды. Оның айтуынша, Қазақстандағы салыстырмалы түрде арзан жанармай көрші елдерге ағылып жатыр.

Біз қазір көрші елдердің экономикасын жанама түрде субсидиялап отырмыз. Баға айырмашылығы кейде 1,5 есеге дейін жетеді. Шекара маңында көліктердің келіп, жанармай құйып, қайта шығып кететінін көруге болады. Бұл – бензин мен дизель бойынша да бар жағдай, – деді ол.

Ал «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының мұнай өнімдері маркетингі басқармасының басшысы Ерлан Жаукиннің айтуынша, Қазақстанда жанармай бағасы кезең-кезеңімен нарықтық модельге көшірілгенімен, мемлекет тарапынан бақылау сақталып отыр.

Фото: ©BAQ.KZ/Олжас Адай

2025 жылдың ақпанынан бастап баға реттеуі алынып тасталып, кезең-кезеңімен өсім болды. Бірақ бұл жерде акциздік саясат маңызды рөл атқарады. Мысалы, жанармай бағасы 4 теңгеге өссе, оның шамамен 2 теңгесі бюджетке акциз ретінде түседі, – деді ол.

Жаукиннің сөзінше, баға айырмашылығы мәселесі әлі де шешілген жоқ. Керісінше, Қазақстан көрші елдермен салыстырғанда арзан жанармай ұсынатын нарық ретінде қалып отыр.

Басты мақсат – сұр экспортты азайту еді. Бірақ біз әлі де транзиттік көліктер үшін жанармай құю алаңы болып отырмыз. Көрші елдерден келетін жүк тасымалы артып келеді, ал олар Қазақстанда жанармай құйып кетеді, – деді ол.

Сондай-ақ ол мораторий кезеңінде бағаны ұстап тұру ауыртпалығы мұнай компаниялары мен бөлшек сауда өкілдерінің мойнына түскенін атап өтті.

ҚҚС өсімінің әсері шамамен литріне 8 теңге болса, оның 6 теңгесін мұнай компаниялары өз есебінен жапты. Ал қалған бөлігін жанармай станциялары көтерді. Соның салдарынан бөлшек сауда өкілдері айтарлықтай шығынға ұшырады, – деді Жаукин.

Фото: ©BAQ.KZ/Олжас Адай

Оның айтуынша, соңғы жылдары мұнай нарығында құрылымдық өзгеріс байқалады. Егер бұрын өндірілген мұнайдың басым бөлігі экспортқа бағытталса, қазір керісінше жағдай қалыптасқан.

Қазіргі таңда өндірістің шамамен 70-75 пайызы ішкі нарыққа жеткізіледі. Бұрын бұл көрсеткіш 30-40 пайыз деңгейінде болатын. Сондықтан экспорттан түсетін табыс ішкі нарықтағы шығынды толық жаба алмай отыр, – деді ол.

Жалпы алғанда, сарапшылар бензин бағасының өсуі экономикалық тұрғыдан негізді екенін айтады. Алайда әлеуметтік факторларды ескере отырып, мемлекет бағаның күрт қымбаттауына жол бермейді. Сондықтан алдағы кезеңде жанармай бағасы біртіндеп, кезең-кезеңімен өсуі мүмкін.

Тағы да оқи отырыңыз: Қазақстандағы арзан бензин: экономикалық тиімділіктің артықшылығы ма, әлде зияны ма?