Бельгиялық Жәнібектің ісін марқұм Шерзаттың адвокаты қолға алды
Бельгиялық отбасы асырап алған Жәнібек – шын есімі Мұрат Савелиевке қатысты даулы істі енді белгілі заңгер, марқұм Шерзаттың қорғаушысы болған Мейірман Шекеев жүргізетін болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы журналист Қымбат Досжан өзінің парақшасында мәлім етті.
Еске салсақ, Жәнібек – бельгиялық отбасы асырап алған этникалық қазақ, оның Қазақстаннан заңсыз жолмен шетелге асырауға берілгені туралы күдік 2024 жылдан бері қоғамды алаңдатып келеді.
2024 жылғы 31 қаңтарда ҚР Қылмыстық кодексінің 135-бабы, 3-бөлігі – Кәмелетке толмағандар саудасы, оның ішінде: кәмелетке толмаған адамды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге әкету дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Айта кететін жайт, Жәнібек Савельев 2023 жылдың соңында Қазақстанға туған анасын іздеп Белгиядан келеді.
Қымбат Досжан өз сөзінде, 2024 жылғы 31 қаңтарда Қылмыстық кодекстің 135-бабы 3-бөлігі (кәмелетке толмағандар саудасы) бойынша іс қозғалғанын атап өтті. Алайда, арада бір жарым жыл өтсе де, іс әлі сотқа жетпеген.
2025 жылғы 9 маусымдағы қаулыда көрсетілгендей:
• Көптеген азаматтан ДНҚ үлгілері алынып, Жәнібекпен салыстырылды;
• Іске қатысы болуы мүмкін адамдардан жауап алынған, алайда "12 мың доллар алған" деп айтылған тұлға күдікті емес, керісінше қорғалуға құқығы бар куә ретінде танылған.
Бұл жағдай ашық сұрақтар қалдырады. Егер ақша берілсе, оны кім алды? Ол неге әлі күдікті ретінде танылмай отыр? Перзентхана мен балалар үйінің басшылығы жауапкершіліктен қашпауы керек, - дейді журналист.
Ол енді бұл істі заңгерлік тұрғыдан жүйелі жүргізу үшін Халық заңгері – Мейірман Қалмаханұлы Шекеевпен біріккенін мәлімдеді. Ол марқұм Шерзат ісінде қорғаушы болған тәжірибелі заңгер ретінде танымал.
Мен Жәнібектің ресми өкілімін. Жалғыз күресіп, шаршадым. Енді кәсіби заңгермен бірігіп, әділдікке жетеміз деп сенемін, — дейді Қ.Досжан.