15 Қазан 2026, 14:03 Фото: Ақорда

Бельгия королінің тарихи сапары: Қазақстан үшін қандай жаңа мүмкіндіктер ашылады?

Бельгия Королі Филипптің Қазақстанға мемлекеттік сапары бельгиялық монархтың біздің елге ғана емес, бүкіл Орталық Азияға жасаған алғашқы сапары болды. Онымен бірге құрамына үкімет өкілдері, ірі бизнес пен алдыңғы қатарлы университеттердің басшылары кірген 110 адамнан тұратын делегация келді.

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Еуропалық және америкалық зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы Әлішер Әбдрешевтің пікірінше, бұл сапар Қазақстан мен Бельгия арасындағы қарым-қатынастың шикізаттық сауда шеңберінен біртіндеп шығып жатқанын көрсетеді.

«Филипп Корольдің мемлекеттік сапары – бұл хаттамалық оқиға емес, Бельгия дипломатиясының басымдықтары өзгергенінің және қазақстандық-бельгиялық қатынастардың шикізаттық деңгейден технологиялық деңгейге өтуінің белгісі», – деп атап өтті сарапшы.

Ол сондай-ақ делегация құрамына да назар аударды.

«110 адамнан тұратын делегация Брюссельдің хаттамалық миссиямен емес, нақты келісімдер үшін келгенін білдіреді. Бельгиялық делегация құрамына үкімет өкілдері, ірі компаниялардың басшылары және алдыңғы қатарлы университеттердің ректорлары кірді. Бұл формат Брюссельдің ниеті ақ екенін әрі іске оңтайлы қарайтынын көрсетеді», – деп есептейді Әбдрешев.

Соңғы 20 жылда Қазақстан экономикасына салынған бельгиялық тікелей инвестициялар көлемі 15 млрд долларға жетті. Елде бельгиялық капиталдың қатысуымен 76 кәсіпорын жұмыс істейді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 580 млн доллардан асты.

Сонымен бірге сарапшы тек сауда көлеміне қарау жеткіліксіз деп санайды.

«Басты мәселе сауда көлемінде емес, оның құрылымында. Қазақстанның Бельгияға экспорты 2025 жылы 48%-ға өсті. Оның ішінде зығыр тұқымын жеткізу маңызды орын алды. Қазақстан қазірдің өзінде ЕО-ға бұл өнімді жеткізетін көшбасшы болып табылады, ал Бельгия – еуропалық ең ірі өнім өткізу нарығы. Бұл шикізат экспортынан бірлескен терең өңдеуге көшуге алғышарттар жасайды», – деп атап өтті ол.

Ақтау мен Құрық бельгиялық тәжірибені ала алады

Әбдрешев ынтымақтастықтың бір бағыты ретінде көлік пен логистиканы атайды.

«Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту үшін бельгиялық технологиялар мен басқарушылық құзыреттерді тартуға мүдделі. Еуропадағы ең ірі логистикалық тораптардың бірі – Антверпен-Брюгге портының маңызы ерекше», – деді сарапшы.

Оның айтуынша, бельгиялық тараптың тәжірибесі Қазақстанға порт операцияларын цифрландыруда, мультимодальды тасымалдарда және жүк ағындарын басқаруда пайдалы болуы мүмкін.

«Олардың порт операцияларын цифрландыру, мультимодальды тасымалдар және жүк ағындарын басқару бойынша тәжірибесі Қазақстанның Ақтау мен Құрық порттарын жаңғырту кезінде қажет болуы мүмкін. 2026 жылдың қыркүйегінде тараптар осы порттар арасында тікелей ынтымақтастық орнатуды, соның ішінде мамандар даярлау мен «ақылды порт» (smart port) технологияларын енгізуді егжей-тегжейлі талқылады», – деп хабарлады Әбдрешев.

Критикалық минералдарға деген қызығушылық

Тағы бір бағыт критикалық минералдармен және шикізатты өңдеумен байланысты.

«Қазақстанның айтарлықтай ресурс базасы бар және Еуропалық одақ белгілеген критикалық маңызды шикізаттың 34 түрінің 18-ін өндіреді. Бельгияның дамыған химия өнеркәсібі, металлургиялық технологиялары және материалдарды өңдеу саласында үлкен тәжірибесі бар», – деп атап өтті сарапшы.

Оның айтуынша, келесі қадам шикізатты сыртқа шығарумен емес, оны Қазақстан ішінде өндірумен байланысты болуы мүмкін.

«Басым түрде шикізаттық саудадан қосылған құны жоғары бірлескен өндірістер құруға көшу келешегі зор болып көрінеді. Бұл – металдарды өңдеу, өнеркәсіптік компоненттер шығару, еуропалық нарық үшін орнықты өндірістік тізбектерді қалыптастыру», – деп түсіндірді ол.

Бельгиялық компаниялар Қазақстанда жұмыс істеп жатыр

Елімізде Jan De Nul, Sarens және Ahlers Logistics сияқты компаниялар орнығып үлгерген.

«Қазақстанда осындай бельгиялық компаниялардың болуы қазірдің өзінде өзара іс-қимылды кеңейтуге негіз қалыптастырады. Ең келешегі бар бағыттар – инфрақұрылымдық құрылыс, машина жасау, мұнай-химия, өнеркәсіптік жабдықтар өндірісі, заманауи инженерлік шешімдерді енгізу», – деп атап өтті Әбдрешев.

Сонымен бірге, оның пікірінше, Қазақстан елге жай ғана капиталдан да көп нәрсе беретін жобаларға бәс тігуі керек.

«Өндірісті локализациялауды, қазақстандық мамандарды даярлауды және технологиялар беруді көздейтін жобаларға басымдық берілуі тиіс», — деп есептейді сарапшы.

Astana Hub және бельгиялық The Beacon

Бөлек блок цифрлық технологияларға арналған.

«Астана мен Брюссельде ЖИ, өнеркәсіптік автоматика, киберқауіпсіздік және қалалық инфрақұрылымды цифрлық басқару саласында бір-бірін толықтыратын мүмкіндіктер бар», – деді Әбдрешев.

2026 жылдың қыркүйегінде тараптар бельгиялық The Beacon технологиялық орталығы мен Astana Hub арасындағы серіктестік мүмкіндігін талқылады.

«Практикалық маңызы – бірлескен технологиялық жобаларды жүзеге асыру, стартаптармен алмасу, өнеркәсіп пен логистикаға цифрлық шешімдерді енгізу», — деп атап өтті ол.

Сарапшы ғарыш саласын да ерекше атап өтті.

«Бельгияның спутниктік технологиялардағы құзыретін және Қазақстанның ғарыш инфрақұрылымындағы әлеуетін ескере отырып, ғарыш саласы да бөлек назар аударуға тұрарлық», – деп есептейді Әбдрешев.

Оның бағалауынша, ендігі басты мәселе – қол жеткізілген келісімдердің нақты жобаларға ұласуында.

«Сапардың практикалық нәтижесі ұзақ мерзімді өзара іс-қимылға бағытталған бірлескен инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалардың нақты портфелін қалыптастыру болуы мүмкін. Егер бұл келісімдер нақты жобаларға айналса, Қазақстан тек инвестиция емес, елде қалатын құзыреттерді де алады», – деп түйіндеді сарапшы.