Бельгия мен Люксембургте Наурыз мерекесіне арналған салтанатты іс-шаралар өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Наурыз мейрамын атап өту аясында Брюссель мен Люксембургте заманауи қазақ мәдениеті мен отандық шығармашылық топтардың өнімдері мен бұйымдарымен таныстырған салтанатты іс-шаралар өтті, деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.
Іс-шаралар Қазақстанның Брюссельдегі Елшілігінің және Қазақстан Республикасының Люксембургтегі Құрметті консулдығының қолдауымен ұйымдастырылды.
Қонақтар алдында сөз сөйлеген Қазақстан елшісі М.Баймұхан Еуразия құрлығының көптеген ұлттары мен елдері үшін Наурыз мерекесінің қоғамдық келісімді нығайтудағы және табиғатпен бірліктің символы ретіндегі маңызы, сондай-ақ бұл мерекенің өткен дәуірлердің мәдени мұрасын сақтаудағы рөлі туралы айтты.
Қазақстандық дипломаттың айтуынша, жаңаруды білдіретін Наурыздың биылғы мәні Қазақстан үшін ерекше, өйткені Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында жариялаған кең ауқымды өзгерістердің басталуымен тұспа-тұс келді. «Жаңа Қазақстан» аясындағы реформалар демократиялық дамудың және ҚР азаматтарының әл-ауқатын арттыру бойынша мақсаттар төңірегінде қоғамдық шоғырланудың берік тірегі болуы тиіс, деп есептейді М.Баймұхан.
Іс-шаралар барысында белгілі «Kazakh Juvelir» компаниясының алғашқы арнайы топтамасы ұсынылды. Көрмеге отандық шеберлердің ұлттық стильде жасаған эксклюзивті жұмыстары қойылды.
Қазақстандық дизайнерлердің «Nomad Moon» топтамасының көрсетілімі екі қаладағы іс-шаралардың нағыз жаңалығы болды. Қонақтарға тұрақты және жауапты тұтыну трендтеріне сәйкес сапалы материалдардан жасалған этникалық нақышы бар заманауи, жеңіл костюмдер ұсынылды. Топтаманың басты мақсаты – ұрпақтар байланысын сақтай отырып, көшпелілер мен қазақ мәдениетінің элементтерін қазақстандықтардың заманауи киім стиліне енгізу.
Брюссель мен Люксембургтегі мерекелік іс-шаралар аясында «Muse of Nomad» журналының тұсаукесері өтті. Бұл журнал алдағы уақытта заманауи қазақстандық мәдениет, түрлі халықтардың дәстүрлері, өмір салты, сондай-ақ сән мен сұлулық тақырыптарын қамтитын болады.
Парижден келген кәсіби музыканттар Әйгерім Матаева мен Әйгерім Ерсайынова қобыз, жетіген, саз-сырнай және шаңқобызда қазақ халық әндері мен күйлерін орындады. Парижде «Art Ambassadeurs» жобасын құрған бұл музыканттардың концерті қонақтарға ұмытылмас әсер сыйлады.
Брюссельде өткен іс-шара қонақтарының арасында Еуропалық парламент депутаттары, Орталық Азия және түркі елдерінің дипломатиялық корпус өкілдері, Дүниежүзілік кеден ұйымының, Энергетикалық Хартия ұйымының, БҰҰ-ның Апаттар қаупін азайту жөніндегі бюросының басшылары, НАТО өкілдері, сондай-ақ еуропалық және бельгиялық институттардың қызметкерлері мен бизнес-қауымдастық болды. Қонақтар наурыздың географиясы мен идеясы бүкіл адамзат үшін материалдық емес құндылық екендігін мақұлдайтынын білдірді.
Ұзақ пандемиядан кейін алғаш рет бас қосқан люксембургтік отандастарымыз молынан ұсынылған қазақ дәмдеріне, сондай-ақ жанды дауыспен және ұлттық аспаптарда орындалған қазақ музыкасын тыңдау мүмкіндігіне ерекше қуанды.
Люксембургтегі жетекші компаниялар мен өнеркәсіп салаларында қызмет істейтін қазақстандықтар елден жырақта ұлттық салт-дәстүрлермен қайта қауышу мүмкіндігін ұсынғаны үшін Люксембургтегі ҚР Елшілігі мен Құрметті консулдығына алғыстарын білдірді.