Бельгия королі Қазақстанға алғаш рет мемлекеттік сапармен келеді
Қазақстан мен Бельгия серіктестіктің жаңа кезеңін бастауға дайындалуда.
2026 жылғы 11-14 қазан аралығында Бельгия Королі Филипп пен Королева Матильда Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі елшілігі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл Бельгия монархтарының Орталық Азияға жасайтын алғашқы мемлекеттік сапары болмақ. Сапар бағдарламасы Астана мен Алматы қалаларындағы іс-шараларды, жоғары деңгейдегі келіссөздерді, іскерлік және академиялық кездесулерді, сондай-ақ мәдени жобаларды қамтиды. Екі ел үшін бұл ұзақ жылдар бойы қалыптасқан өзара қызығушылықты жаңа нақты уағдаластықтарға ұластырудың маңызды мүмкіндігі.
Король Филипп үшін бұл сапар өзі жақсы білетін елге қайта оралу болмақ. Ол тақ мұрагері кезінде Қазақстанға үш рет келген.
Атап айтқанда, 2002 және 2009 жылдары бельгиялық ғарышкер Франк Де Винненің қатысуымен жүзеге асырылған ғарыш миссияларының ұшырылуын тамашалау үшін Байқоңырға сапар шеккен, ал 2010 жылы экономикалық миссияны басқарған.
2009 жылы Франк Де Винне Халықаралық ғарыш станциясының экипажын басқарған алғашқы еуропалық атанды. Оның осы тарихи жетістікке жету жолы Қазақстан аумағынан ғарышқа ұшудан басталды. Бұл Бельгиядағы ғарыш саласына қызығушылық танытатын жұртшылыққа жақсы таныс ортақ тарихымыздың ерекше бір парағы.
Дипломатиялық қатынастардан орнықты серіктестікке
Бельгия Қазақстанның тәуелсіздігін 1991 жылы мойындады. Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 25 тамызда орнатылды. Ал 1993 жылғы сәуірде Қазақстан Брюссельде Еуропадағы алғашқы дипломатиялық өкілдіктерінің бірі — өз Елшілігін ашты. Бельгияның Астанадағы Елшілігі 2006 жылдан бері жұмыс істейді. Өткен жылдар ішінде біз тұрақты саяси диалог орнатып, іскерлік ортада да, екі ел халықтары арасында да берік байланыстар қалыптастырдық.
2021 жылғы қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгияға ресми сапар жасап, оның барысында Король Филипппен кездесті. Алдағы мемлекеттік сапар осы диалогтың заңды жалғасына айналып, оған экономикалық, ғылыми-білім беру және мәдени бағыттар бойынша жаңа мазмұн береді.
Қазақстан үшін Бельгиямен қарым-қатынастың еуропалық өлшемі де айрықша маңызды. Брюссель екіжақты дипломатиялық байланыстарды Еуропалық одақ институттарымен өзара іс-қимылмен ұштастыратын орталық болып табылады. Көлік байланыстарын дамыту, инвестициялық ынтымақтастық және жеткізу тізбектерінің орнықтылығын арттыру ортақ күн тәртібін қалыптастырады. Бұл бағыттарда Бельгияның тәжірибесі мен Қазақстанның әлеуеті бірін-бірі толықтыра алады және қазірдің өзінде өзара тиімді нәтижелер беріп келеді.
Экономика және ынтымақтастықтың жаңа бағыттары
Бельгия Қазақстан экономикасына инвестиция салатын жетекші еуропалық елдердің қатарында. Қазақстандық деректерге сәйкес, 2005–2025 жылдар аралығында Бельгиядан тартылған тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 14 млрд АҚШ долларынан асты. Оның ішінде тек 2025 жылдың өзінде 1,045 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіштер бельгиялық бизнестің Қазақстан нарығына ұзақ мерзімді қызығушылық танытып отырғанын айғақтайды.
Өзара тауар айналымы да айтарлықтай өсті. 2025 жылы оның көлемі 582,4 млн АҚШ долларына жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда шамамен 28%-ға ұлғайды. Қазақстанның Бельгияға экспорты 311,5 млн АҚШ долларын, ал импорты 270,9 млн АҚШ долларын құрады. Қазақстан Бельгия нарығына, атап айтқанда, зығыр тұқымын, титан мен титаннан жасалған бұйымдарды жеткізеді. Ал Бельгиядан дәрілік препараттар, вакциналар, ауыл шаруашылығы техникасы мен өнеркәсіптік жабдықтар импортталады. Бұл — екі ел экономикасының өзара толықтырушы сипатының айқын көрінісі.
Бельгиялық компаниялардың Қазақстанда жұмыс істеу тәжірибесі мол. Олардың қатарында инфрақұрылым саласында қызмет ететін Jan De Nul және Sarens компанияларын, сондай-ақ Ahlers логистикалық компаниясын атап өтуге болады. Жаңа инвесторлар үшін мұндай серіктестердің нарықта болуы жинақталған тәжірибеге сүйенуге және жергілікті нарықтың ерекшеліктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Қазақстан, Каспий теңізі және Оңтүстік Кавказ арқылы Азия мен Еуропаны байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік бағытына, яғни Орта дәлізге ерекше мән беріледі. Оны дамыту порт инфрақұрылымы, теміржол тасымалы, жүктерді тиеу-түсіру және логистикалық қызметтер салаларында үйлестірілген шешімдерді талап етеді. Дамыған порт инфрақұрылымы мен халықаралық логистикалық компанияларының арқасында Бельгия бұл жұмыста маңызды серіктес бола алады.
Ынтымақтастықтың тағы бір перспективалы бағыты – аса маңызды шикізат материалдары. Еуропа өнеркәсібі үшін жеткізілімдердің сенімділігін қамтамасыз ету және олардың көздерін әртараптандыру аса маңызды. Ал Қазақстан үшін негізгі міндет — жаңа технологияларды тарту, өңдеу өндірістерін дамыту және қосылған құны жоғары өнім шығаруды жолға қою. Логистика, ауыл шаруашылығы және фармацевтика өнеркәсібімен қатар бұл сала іскерлік келіссөздердің күн тәртібінде маңызды орын алады.
Делегация құрамы және сапар бағдарламасы
Алдағы сапардың ауқымы бельгиялық делегацияның құрамынан да айқын көрінеді. Король мен Королеваны федералдық және өңірлік министрлер, компания басшылары және академиялық қоғамдастық өкілдері кіретін шамамен 110 адам ертіп келеді. Олардың қатарында Бельгияның федералдық мобильділік министрі Жан-Люк Крюйке, Брюссель астаналық өңірінің министр-президенті Борис Дильес, Валлонияның министр-президенті Адриен Долимон және Фландрия үкіметінің министрі Сильтье Ван Ахтер бар. Делегация құрамына сондай-ақ 25-тен астам компанияның басшылары мен академиялық қоғамдастықтың 11 өкілі, оның ішінде жеті университет ректоры кіреді.
Астанадағы бағдарламаның басты саяси оқиғасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған қазақстандық делегация мен Король Филипп және Королева Матильда бастаған бельгиялық делегация арасындағы келіссөздер болмақ. Бұл кездесу екіжақты қатынастардың қазіргі жай-күйін және ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын талқылауға мүмкіндік береді. Бағдарламада іскерлік және академиялық іс-шаралар да қарастырылған. Сапардың екінші бөлігі Қазақстанның ең ірі қаласы әрі жетекші экономикалық және университеттік орталықтарының бірі – Алматыда өтеді.
Сапар аясында 2023 жылы құрылған Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысы өтеді. Онда логистикаға, Орта дәлізге, ауыл шаруашылығына және аса маңызды шикізат материалдарына баса назар аударылады.
Сапардың экономикалық бөлігі мемлекеттік ведомстволар мен компаниялар арасында, әсіресе аса маңызды шикізат материалдары және логистика салаларында, жаңа келісімдерге қол жеткізуге мүмкіндік береді деп күтілуде. Олардың нақты нәтижесі жаңа инвестициялық жобаларды іске асырудан, өңдеу технологияларын енгізуден және көлік байланыстарын дамытудан көрініс табады.
Болашақ ұрпақ үшін ғылым мен білім
Бельгияның жеті университет ректорының қатысуы сапардың академиялық бағытына ерекше мән береді. Ректорлар форумы екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты талқылайтын маңызды алаңға айналуға тиіс. Мұнда мәселе тек студенттер алмасуымен шектелмейді. Бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, өнеркәсіппен өзара іс-қимылды нығайту және білікті мамандар даярлау да басты назарда болады. Мұндай серіктестіктер ондаған жылдар бойы мемлекетаралық қатынастардың берік негізі бола алады.
Мәдениет және халықтар арасындағы байланыстар
Астанадағы Ұлттық музейде Бельгияның ең бірегей суретшілерінің бірі Джеймс Энсордың шығармаларына арналған үш айлық көрмені ашу жоспарланып отыр. Бұл қазақстандық көрермендер үшін Бельгияның көркемөнер мұрасымен жақынырақ танысудың тамаша мүмкіндігі болмақ. Өз кезегінде Алматыдағы бағдарлама бельгиялық қонақтарға Қазақстанның мәдени өмірімен танысуға жол ашады. Мәдениет мекемелері арасында әзірленіп жатқан келісімдер сапар аяқталғаннан кейін де осы алмасуларды жалғастыруға негіз қалайды.
Екі ел арасындағы байланыстар бельгиялықтарға жақсы таныс орындардан да көрініс табады. Өткен жылы Қазақстанның Республика күніне орай Брюссельдің әйгілі «Маннекен-Пис» (Manneken-Pis) мүсініне қазақтың ұлттық шапаны кигізілді. Кейде дәл осындай шағын, бірақ есте қаларлық оқиғалар басқа елге деген қызығушылықты оятып, оның тарихы мен мәдениетін тереңірек тануға ынталандырады.
Екі елді байланыстыратын тарихи маңызы терең тағы бір жайт бар: Семей мен Ипр қалалары 2012 жылдан бері бауырлас қалалар болып келеді. Ипр Бірінші дүниежүзілік соғыстың қасіретті тарихын жадында сақтаса, Семей ядролық сынақтардың зардаптарын ұмытпайды. Ипр қаласында 2010 жылы Қазақстан сыйға тартқан ядролық сынақтар мен техногендік апаттар құрбандарына арналған ескерткіш орнатылған. Бұл бауырластық екі қаланың тұрғындарын баршаға ортақ құндылық — бейбітшілік пен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік төңірегінде біріктіреді.
Сапарға дайындықтан ұзақмерзімді нәтижелерге
Бір жылдан астам уақыт бойы біздің Елшілік Король сарайымен, Бельгияның Федералдық сыртқы істер қызметімен, тиісті агенттіктермен, компаниялармен, университеттермен және Қазақстанның мемлекеттік органдарымен тығыз ынтымақтастықта осы сапарға дайындық жүргізіп келеді. Бүгінде бұл бірлескен жұмыс өзінің қорытынды кезеңіне аяқ басты.
2027 жылы Қазақстан мен Бельгия дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуын атап өтеді. Сол уақытқа қарай біз қазан айында қол жеткізілетін уағдаластықтардың алғашқы нәтижелерін — бірлескен іскерлік жобаларды, ғылыми зерттеулер мен университетаралық алмасуларды көреміз деп үміттенеміз. Кәсіпкер үшін сапардың құндылығы сенімді серіктес табу мүмкіндігімен өлшенсе, студент үшін басқа елдегі әріптестерімен бірге білім алып, жұмыс істеу перспективасымен айқындалады. Ал қалың жұртшылық үшін бұл басқа елдің мәдениеті мен халқына деген жаңа қызығушылықтың пайда болуымен бағаланады.
Қазақстан Король Филиппті, Королева Матильданы және бүкіл бельгиялық делегацияны барынша жылы қарсы алуға дайындалуда. Біз бұл сапар екіжақты ынтымақтастығымыздың жаңа кезеңіне жол ашып, елдеріміздің азаматтары өздері жалғастырып, дамытатын жаңа байланыстардың бастауына айналғанын қалаймыз. Өйткені мемлекеттер арасындағы достық дәл осылай — өзара сенім, бірлескен еңбек және бір-бірін тереңірек тануға деген шынайы ұмтылыс арқылы нығаяды.