Белгісіз өтетін инфекциялар: Аурудың алдын алу неге маңызды?
Кейбір инфекциялар жылдар бойы белгі бермей, кейін ауыр дертке ұласуы мүмкін. Олардың алдын алудың қандай жолдары бар?
Жұқпалы аурулар бірден белгі бермеуі мүмкін. Кейбір вирустық және бактериялық инфекциялар еш симптомсыз өтіп, оның салдары бірнеше жылдан кейін байқалуы ықтимал. Сондықтан адамның өзін жақсы сезінуі инфекция жоқ дегенді білдірмейді. BAQ.KZ тілшісі ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басшысының орынбасары, дәрігер-эпидемиолог Манар Смағұлмен сұхбаттасып, ауру белгілері байқалмай тұрып алдын алу шараларын қолға алудың маңызын анықтады.
Инфекцияның салдары ауру белгілерімен бірге жоғалмайды
Жұқпалы аурулар туралы сөз болғанда, көпшілік тұмау, жіті респираторлық немесе ішек инфекцияларын еске алады. Алайда инфекцияның ағзаға әсері қысқа мерзімді ауру кезеңімен шектелмейді. Кейбір қоздырғыштар адам ағзасында ұзақ уақыт сақталып, денсаулыққа кері әсерін бірнеше жылдан кейін көрсетуі мүмкін.
Мәселен, В және С гепатиті вирустары тудыратын созылмалы инфекциялар бауырды біртіндеп зақымдап, цирроз бен бауыр қатерлі ісігінің даму қаупін арттырады.
Қызылшаның да ұзақ уақыттан кейін байқалатын салдары бар. Сирек жағдайда инфекциядан бірнеше жыл өткен соң миды зақымдайтын ауыр әрі үдемелі ауру – жеделдеу склероздаушы панэнцефалит дамуы мүмкін.
Тағы бір мысал – адам папиллома вирусы (АПВ). Оның онкогендік қаупі жоғары кейбір түрлері ағзада ұзақ сақталса, жасушалардың өзгеруіне, обыр алды жағдайлардың және қатерлі ісіктің дамуына әкелуі ықтимал.
Дегенмен инфекцияның анықталуы міндетті түрде ауыр дертке ұласады деген сөз емес. Қауіп деңгейі инфекция қоздырғышына, оның ағзада қанша уақыт сақталатынына, иммундық жүйенің жағдайына және медициналық көмектің қаншалықты уақытылы көрсетілгеніне байланысты.
Өзін жақсы сезіну қауіп жоқ дегенді білдірмейді
Кейбір инфекцияларды жұқтырғаннан кейін аурудың алғашқы белгілері мен ықтимал асқынуларының арасында ұзақ уақыт өтуі мүмкін. Осы кезеңде адам ешқандай жайсыздық сезінбеуі де ықтимал. Сондықтан профилактикалық шараларды ауру белгілері пайда болғаннан кейін ғана қолға алу жеткіліксіз.
Қазіргі медицина инфекцияның өзін және оның салдарын созылмалы ауруға айналмай тұрып алдын алуға басымдық береді. Ол үшін вакцинация, уақытылы диагностика, тиімді вирусқа қарсы және бактерияға қарсы ем, қауіп тобындағы адамдарды скринингтен өткізу және тұрақты эпидемиологиялық бақылау қолданылады, – деді Манар Смағұл.
Әр шараның өзіндік мақсаты бар. Вакцинация ағзаны белгілі бір инфекциялардан қорғауға және олардың асқыну қаупін азайтуға көмектеседі. Диагностика инфекцияны немесе ауруды анықтаса, скрининг адамда ешқандай шағым болмаған жағдайда да денсаулықтағы ықтимал өзгерістерді ерте кезеңде табуға мүмкіндік береді.
Қажет болған жағдайда емдеу нақты аурудың түрі мен медициналық көрсетілімдерге сәйкес жүргізіледі.
АПВ: көп жағдайда белгісіз өтетін инфекция
Адам папиллома вирусы (АПВ) – тері мен шырышты қабаттарды зақымдайтын вирустардың үлкен тобы. Оның кейбір түрлері теріде сүйелдер мен кондиломалар сияқты қатерсіз түзілістердің пайда болуына себеп болады. Ал онкогендік қаупі жоғары түрлері ағзада ұзақ сақталған жағдайда жасушалардың өзгеруіне, обыр алды жағдайлар мен қатерлі ісіктің дамуына әкелуі мүмкін.
АПВ инфекциясы кең таралған және көп жағдайда ешқандай белгісіз өтеді. Сондықтан адам вирусты жұқтырғанын білмеуі де ықтимал. Инфекция негізінен тері мен шырышты қабаттардың тығыз байланысы, соның ішінде интимдік қатынас кезінде беріледі.
Манар Асыровнаның айтуынша, халықаралық деректерге сәйкес, әйелдердің шамамен 50-80 пайызы өмірінде кемінде бір рет АПВ инфекциясын жұқтырады. Ал ер адамдардың үштен біріне жуығы кем дегенде бір гениталдық АПВ түрін жұқтырған. Олардың шамамен бестен бірінде онкогендік қаупі жоғары бір немесе бірнеше вирус түрі кездеседі.
Көп жағдайда адамның иммундық жүйесі АПВ инфекциясынан өздігінен арылып, ешқандай салдар қалмайды. Алайда онкогендік қаупі жоғары кейбір вирус түрлері ағзада ұзақ уақыт сақталса, зақымданған жасушаларда өзгерістер туындауы мүмкін. Уақыт өте келе бұл обыр алды жағдайларға және жекелеген қатерлі ісік түрлеріне, соның ішінде жатыр мойны обырына әкелуі ықтимал, – деді дәрігер.
Қазіргі уақытта АПВ инфекциясын ағзадан толық жоятын арнайы емдеу әдісі жоқ. Медициналық көмек негізінен вирустың ұзақ сақталуымен байланысты туындауы мүмкін жасушалық өзгерістер мен ауруларды анықтауға және емдеуге бағытталған.
Жатыр мойны обырының АПВ-мен байланысы қандай?
Жатыр мойны обыры – әлем әйелдері арасында жиі кездесетін онкологиялық аурулардың бірі. 2024 жылы әлемде осы дерттің шамамен 604 мың жаңа жағдайы тіркелген.
Қазақстанда жыл сайын жатыр мойны обырының шамамен 1 800 жаңа жағдайы анықталып, 600-ден астам әйел осы аурудан көз жұмады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметінше, жатыр мойны обыры жағдайларының шамамен 95 пайызы онкогендік қаупі жоғары АПВ түрлерімен байланысты.
Егер вирус ағзада ұзақ уақыт сақталса, жатыр мойны жасушаларында біртіндеп өзгерістер пайда болуы мүмкін. Олардың кейбірі өздігінен жойылғанымен, уақытылы анықталып, емделмеген жағдайда бір бөлігі обыр алды жағдайға, кейін қатерлі ісікке ұласуы ықтимал.
ДДҰ дерегіне сәйкес, бұл үдеріс әдетте 15-20 жылға созылады. Мұндай ұзақ кезең аурудың алдын алуға мүмкіндік береді. Яғни қатерлі ісік белгілері пайда болмай тұрып, жасушалардағы өзгерістерді анықтап, қажетті шараларды қабылдауға болады.
Жатыр мойны обырының алдын алу жолдары
Жатыр мойны обырының алдын алу бір-бірін толықтыратын бірнеше шараға негізделген.
АПВ-ға қарсы вакцинация вирустың вакцина құрамына кіретін түрлерінен қорғануға көмектеседі. Ол АПВ-мен байланысты бірқатар аурудың алдын алуға арналған. Алайда вакцина бұрыннан бар инфекцияны емдемейді.
Ал скринингтің мақсаты – АПВ инфекциясын және жатыр мойны жасушаларындағы өзгерістерді ауру белгілері пайда болмай тұрып анықтау. Обыр алды жағдайлар көбіне ешқандай симптомсыз өтетіндіктен, адамның өзін жақсы сезінуіне қарамастан, ұсынылған тексерулерден тұрақты өтіп тұрғаны маңызды.
Профилактикалық тексерулер адамның өзін сау сезінген кезінде жүргізіледі. Дәл осы тексерулер ауруды алғашқы белгілері пайда болмай тұрып анықтап, емді уақытылы бастауға мүмкіндік береді, – деді маман.
Қазақстанда жатыр мойны обырының ұлттық скрининг бағдарламасы жұмыс істейді. 30-74 жас аралығындағы әйелдер төрт жылда бір рет тегін скринингтен өте алады.
Сонымен қатар АПВ-ға қарсы вакцинация ұлттық иммундау бағдарламасына енгізілген. Жоспарлы вакцинация 11 жастағы қыздарға жүргізіледі. Бұдан бөлек, 12-13 жастағы қыздарға қосымша иммундау қарастырылған. Ал 2026 жылы вакцинация бағдарламасы 14-17 жас аралығындағы қыздарды да қамтыды.
ДДҰ бағалауынша, 2025 жылдың соңына қарай әлемнің 165 елінде АПВ-ға қарсы вакцинация ұлттық бағдарламаларға енгізілген.
Жеке профилактика – қоғамдық денсаулықтың негізі
Инфекциялардың алдын алу – әр адамның жеке денсаулығына жауапкершілікпен қарауымен қатар, қоғамдық денсаулық сақтау жүйесінің де маңызды міндеті.
АПВ инфекциясы ауру белгілері пайда болмай тұрып әрекет етудің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Вакцинация вирустың белгілі бір түрлерінен қорғануға көмектессе, тұрақты скрининг жатыр мойны жасушаларындағы обыр алды өзгерістерді уақытылы анықтауға мүмкіндік береді.
Бұл мүмкіндіктерді әр адам пайдалана алуы үшін профилактика туралы ақпарат қолжетімді, медициналық бағдарламалар түсінікті, ал қажетті көмек уақытылы көрсетілуі керек.
Жеке адамның жауапкершілігі мен денсаулық сақтау жүйесінің жүйелі жұмысы үйлескенде ғана профилактика қоғам денсаулығын сақтаудың тиімді тетігіне айналады.
Қосымша ақпарат алу үшін өз дәрігеріңізден кеңес алыңыз.
Толығырақ HPVfree.kz сайтынан біле аласыз.
Жоба MSD IDEA GMBH компаниясының ақпараттық қолдауымен дайындалды.
KZ-NON-00106; 10/2028 дейін.