Белгілі журналист Жұмакүл Саухат дүниеден озды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қаралы хабарды жазушы, драматург Жолтай Жұмат-Әлмашұлы жеткізді.

Жұмакүл Саухат - қазақ қыздары арасынан шыққан қаламы жүрдек, мейлінше талантты журналист әрі жазушы еді ғой. Ол, басқасын былай қойғанда, сонау 90-жылдары Ақмола өңірінде енді шыға бастаған «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы болды. Елордамыздың алғашқы тынысы, алғашқы қадамдары мен жетістіктерін елге жеткізуге асыққан басылым – осы газет болатын. Бас редактор басылымның сапалы да оқылымды болуына көп күш жұмсады, еліміздегі ең білікті әрі талантты қыз-жігіттерді осы газетке тартты: бірін қызметке алса, екіншісіне арнайы мақала-толғамдар жазғызды. Қысқасы, Жұмакүл-редактордың қала басылымында қалдырған өз қолтаңбасы бар.

Одан кейін де қарап жатпады, журнал шығаруға атсалысты, баспагерлік жұмыстармен де шұғылданды. Әртүрлі қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында жүрді. Сөйте жүріп ұрпақ тәрбиесімен айналысты, немерелеріне сүйікті әже бола білді.

Қаламы жүрдек журналист-жазушының бірнеше кітабы баспа жүзін көрді. Әттең, не керек, әлі бергенінен берері көп-ақ еді! Үкім Алладан болып отыр, - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы