2 Қазан 2026, 01:12 Фото: әлеуметтік желіден

Белгілі журналист Индира Жылқайдарова өмірден өтті

Тележүргізуші соңғы төрт жыл бойы ауыр дертпен күрескен.

Қазақстандық танымал тележүргізуші әрі журналист Индира Жылқайдарова өмірден өтті. Қаралы хабарды тележүргізуші Санди Сұлтан әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
 
Біз 7-арнада бірге жұмыс істедік. Индира өте мейірімді, жауапкершілігі мол және үнемі күліп жүретін ақжарқын қыз еді... Өз жұмысына берілген мықты журналист еді. Бір кездері редакцияда, эфирде, жұмыста бірге жүрген өте жас әріптесім туралы мұндай жаңалықты есту өте ауыр... Иманы саламат, жаны жәннатта болсын. Отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын, – деп жазды тележүргізуші.

Индира Жылқайдарова отандық журналистикада ұзақ жыл еңбек етіп, кәсіби тәжірибесін шыңдады. Оның шығармашылық жолының маңызды кезеңдері «Хабар» агенттігі мен «7 арнадағы» қызметімен байланысты. Бұдан бөлек, бірнеше жыл бойы парламенттік журналистика саласында еңбек етіп, Мәжілістің жұмысы, депутаттардың бастамалары мен заң шығару барысын ақпарат құралдарында тұрақты түрде қамтыды.