18 Қыркүйек 2026, 21:14 Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Белгілі спорт журналисі Ғалым Сүлеймен өмірден өтті

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ғалым Сүлейменнің қазақ спорт журналистикасын дамытуға елеулі үлес қосқанын атап өтті.

Белгілі журналист, спорт комментаторы Ғалым Қамашұлы Сүлеймен дүниеден өтті. Қаралы хабарға байланысты ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, жақындары мен әріптестеріне көңіл айтты.

Ғалым Сүлеймен еңбек жолын 1994 жылы «Өркен-Горизонт» газетінде бастаған. 1996-2004 жылдары «Egemen Qazaqstan» газетінде спорт шолушысы болып еңбек етті. Кейін «Sports&kz» газетінің бас редакторы қызметін атқарып, «Aiqyn» республикалық газеті мен «Берен» спорт журналында жұмыс істеді.

Өмірінің соңына дейін «Egemen Qazaqstan» газетінде журналистік қызметін жалғастырды. Сондай-ақ «Берен/Beren live» YouTube арнасы арқылы отандық спортты насихаттап, қазақ телевизиясында көптеген спорттық жарысқа комментатор болды.

Ғалым Сүлеймен Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының стипендиаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері және Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың екі дүркін лауреаты атанған.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ғалым Сүлейменнің қазақ спорт журналистикасын дамытуға елеулі үлес қосқанын атап өтті.