Белгілі неміс әдебиеттанушысы «Достық» орденімен марапатталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Белгілі неміс әдебиеттанушысы Леонард Кошут «Достық» орденімен марапатталды. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ұлы ойшыл, ақын, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының 175-жылдығына орай Қазақстанның Германиядағы елшісі Дәурен Кәріпов Абай шығармашылығының аудармашысы, кітап авторы, белгілі неміс әдебиеттанушысы Леонард Кошутқа ІІ дәрежелі «Достық» орденін табыстады, - делінген хабарламада.
Жоғары награданы елшілік ғимаратында салтанатты түрде табыстау кезінде елші Леонард Кошутқа Абай туындыларын неміс тілді оқырмандарға таныстыру арқылы Қазақстан мен Германия арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға жылдар бойы шығармашылық үлес қосқаны үшін алғыс білдірді.
Леонард Кошут 1923 жылы 25 шілдеде дүниеге келген. Оның кәсіби қызметі орыстың классикалық және ХХ ғасырдағы Совет Одағының әдебиет шығармаларын неміс тіліне аударумен байланысты болды.
ҚР-дың ГФР-дағы елшілігінің «Қазақ кітапханасы» жобасы аясында 2007 жылы Герольд Бельгердпен бірге Леонард Кошут Абайдың «Қара сөздерін» неміс тіліне аударды, ал 2018 жылы «Zwanzig Gedichte» деп аталатын неміс тіліндегі Абай өлеңдерінің жинағын жариялады.
Сонымен қатар, Л.Кошут Олжас Сүлейменовтің «Көшпенділер азимуты» атты поэзия жинағын неміс тіліне аударған.