Белгілі математик әріптестеріне пәтер сыйлады
Астана қаласында республикалық «Зерделі» оқу орталығы құрылғанына 10 жыл толған мерейтойын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Салтанатты шарада орталықтың негізін қалаушы ағайынды Ырысбек және Өжет Мәуіт үздік педагогтерге пәтер сертификаты мен Дубайға жолдама сыйлады.
Зерделінің 10 жылдығымен қатар келген ұстаздар күнінде 7 мұғалімге баспана алуға қолдау көрсеттік. Бұған дейін де 25 ұстазымыздың үйлі болуына қолдау көрсеткен едік. Бұл үрдіс әлі де жалғаса бермек. Ұстаздық етіп, жас өреннің өсіп-өнуіне ғұмырын сарп еткен жандар үшін қандай қолдау көрсетсек те лайықты. Тағы бір тосын сый ол - 15 адамға Дубайға демалыс жолдамасын бердім. Тек өткен оқу жылында Зерделіде қызмет жасаған 100-ге жақын ұстаздарымыз осындай жолдамамен Дубайда демалып келген екен, - деді Ырысбек Мәуіт.
Бүгінде еліміздің 18 облысында Зерделінің 41 орталығы, 7 мектебі, 50-ге жақын бөлімшесі бар. Бір ғана Астананың өзінде 500-ге жуық педагог қызмет атқарады.
Мерекеде сапалы әрі адал қызметтері үшін ақшалай сыйақы, айфонның соңғы үлгісі де қызметкерлерімізге табысталды. Президентіміздің «Педагог мәртебесін көтеру – мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі» деген сөзін еске ала отырып, ұстаздарымызға құрмет пен материалдық қолдаудың қатар жүруі қажет деп санаймыз, - деді кәсіпкер-педагог.