Белгілі кинотанушы, ұстаз Раушан Оспанова қайтыс болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Белгілі кинотанушы, ҚР Кинематографистер одағының мүшесі, ұстазымыз Раушан Ғазизқызы Оспанованың әлемді жайлаған мына індеттің құрығына түсіп, ауруханада жатыр дегенді естігенімізге де көп бола қоймап еді. Бүгін өмірден өтті деген қайғылы хабар келіп, қабырғамыз қайысып отыр деп жазды кинотанушы, өнертану кандидаты Нәзира Мұқышева facebook-парақшасында.
Раушан Ғазизқызы - қазіргі таңда қанатын кеңге жайған, отандық кино, телевизия салаларының қаншама тамаша мамандарын дайындап келе жатқан еліміздегі кинопедагогиканың алғашқы қадамдарынан бастап, дамып, өркендеуіне үлкен үлес қосқан тұлғалардың бірі.
Ұлттық кинопедагогиканың алғашқы кезеңі оңай болған жоқ. Оқу бағдарламаларын құрастыру, дәріс беретін мамандарды шақыру, оқу базасын қалыптастыру, т.б. секілді маңызды жұмыстар жеткілікті болатын. Бұған қоса болашақ кино мамандарының әлем, қазақ киносының шығармаларымен таныс болуы өте маңызды еді. Ол кезде кез келген фильмді көре қоятындай интернет түгілі, видеокассеталарға жазылған фильмдерді табудың өзі оңай болмады. Есесіне "Арман", т.б. кинотеатрында, Кино үйінде Батыс, Шығыс Еуропа, Америка, Орталық Азия елдері киносының апталықтары, онкүндіктері, шығармашылық кездесулер жиі ұйымдастырылатын. Әлем, қазақ киносының небір жаухарларымен жақынырақ таныс бола бастауымыздың өзі осы шаралармен тығыз байланысты еді. Міне, осы шаралардың ұйымдастырылуының басы-қасында Раушан Ғазизқызы жүрді. Содан көп ұзамай өзі дәріс беретін Т. Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтындағы (қазіргі Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) №16 аудиторияда алдымен VHS, сонан соң VETECAM кассеталарына жазылған әлем, қазақ киносының небір классикалық фильмдері бар үлкен қор пайда болды. Нәтижесінде айналдырған үш-төрт жылдың ішінде көл-көсір байлығы бар №16 аудитория – ұстаздар мен болашақ кино мамандары үшін таптырмас ғажайып киномекенге айналды. Ал ондай қорды жинайтын адамның өзі ең алдымен әлем, қазақ киносының тарихын жетік білуі керек. Раушан Ғазизқызы білімі мен біліктілігі қатар үйлескен осындай жандардың қатарынан еді, - деді ол.
Раушан Ғазизқызы, сондай-ақ, «Очерки истории казахского кино» (1980) атты жинақтағы «Казахское киноискусство 60-х годов (на материале художественных фильмов)» атты бөлімнің, кино өнерінің тарихы мен өзекті мәселелеріне арналған басқа да мақалалардың авторы.
Бүгін 86 жасқа қараған шағында өмірден өткен Раушан Ғазизқызының жақындары мен туыстарына, әріптестері мен шәкірттеріне қайғырып көңіл айтамын. Жаныңыз жәннатта болсын! - деп жазды кинотанушы.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Жамбыл облысында «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша тағы бір отбасы қоныс тойын тойлады
Келесі жаңалық
Өндірісті локализациялау келешегі талқыланды
Өзгелердің жаңалығы