Белгілі қазақстандық спортшы үлкен спортпен қоштасты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әйгілі қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева спортпен қош айтысатынын мәлімдеді. Бұл туралы ол өзінің Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасына жазды.

Құрметті жанкүйерлерім, мен кәсіби спортшы ретіндегі мәнсабымды аяқтау туралы шешім қабылдадым. Сіздермен бұл жаңалықты бөлісу оңайға соғып отырған жоқ... Көпшілігіңіз менің арқам ұзақ уақыттан бері мазалап жүргенін білесіздер. Өкінішке қарай, бұл жарақатымды соңына дейін жеңе алмадым, соған байланысты толыққанды жаттығу жұмыстарына кірісу мүмкін болмай отыр, - деп жазды спортшы әлеуметтік желідегі парақшасына.
Халықаралық деңгейдегі спорт шебері бұл шешімі жаңа қадамдардың бастауы деп түсінетін көрінеді. 
Мен үшін өмірімдегі бұл тараудың аяқталуы жаңасының басталуын білдіреді. Қазіргі сәтте мен Қазақстандамын және оқу жылының соңына дейін осы жерде жұмыс істеймін, балаларға көмектесіп, оларды шабыттандырып, тәжірибеммен бөлісемін. Мен еліміздегі мәнерлеп сырғанауды дамытқым келетін, сол мүмкіндік қазір келген сыңайлы. Мен үшін қолдарынан келгенін жасаған және жасап келе жатқан ата-анама алғысым шексіз, - деп ағынан жарылды Тұрсынбаева.
Оның айтуынша, спортшының тұсауы алғаш рет 2011 жылы халықаралық аренада кесілген, сол турнирден бастап он жыл 50-ден астам халықаралық старттарға қатысқан көрінеді. Олардың арасында Азия ойындары, жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындары, бүкіләлемдік қысқы Универсиада, төрт құрлық Чемпионаты, Әлем чемпионаты, Олимпиада бар. Түрлі деңгейдегі 39 медаль иеленген.
Үлкен спорттағы он алты жыл: алғашқы жеңістің қуанышы, қажу, жарақаттар... Бірақ осы жылдар бойы сіздер, менің жанкүйерлерім менімен бірге болдыңыздар. Сіздердің тілектеріңіз бен қолдауларыңыз мені қанаттандырды. Сіздерге, халқыма керек екенімді сезіндім, ол маған үлкен қуат сыйлады. Маған деген сенімдеріңіз болашақта да маған түрлі салада жаңа белестерді бағындыруға көмектеседі, - деп жазды ол.
Естеріңізге сала кетейік, Элизабет Тұрсынбаева 2011 жылы Германияның Дортмунд қаласында мәнерлеп сырғанаудан өткен халықаралық турнирде қола жүлдеге ие болды. Бұл жарыста 12 елден келген 46 спортшымен бәсекеге түсті. Сөйтіп, жасөспірімдердің 2013-2014 жылғы маусымға арналған әлемдік Гран-придің бес кезеңінің қорытындысы бойынша алғашқы үштіктің құрамына енді. 2018 жылы Қысқы Олимпиадада ел намысын қорғауға атсалысты.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы