Белгілі блогерге тіл тигізген стендап-комик 15 күнге қамалады
Стендап-комик Нұрасхан Басқожаевқа ұсақ бұзақылық жасады деген айып тағылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз қызметі мәлім етті.
Сот анықтағандай, айыпталушы Нұрасхан Басқожаев ойын-сауық мекемесінде стендап көрсету кезінде жиналғандарға қатысты әдепсіз сөздер айтып, сол арқылы қоғамдық тәртіпті бұзған.
Айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, іс материалдарында көрсетілген мән-жайларды растады. Сот айыпталушыны ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 15 тәулікке қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Басқожаев сахнаға шыққанда сөз арасында Мадлен есімімен көпшілікке белгілі блогер Мадина Мамадалиеваға тіл тигізген. Өз кезегінде Мадлен де осы әңгіме төңірегінде наразылық білдіріп, шу шығарған. Салдарынан бұл іске полиция араласты.