Белгілі ақын Бекжан Әшірбаев дүниеден өтті
Ол әдебиет пен журналистика саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, қазақ руханиятына елеулі еңбек сіңірді.
Белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бекжан Төребекұлы Әшірбаев 52 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Бұл туралы Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі мәлім етті.
Бекжан Әшірбаев 1974 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданындағы «Ленин жолы» ұжымшарында дүниеге келген. 1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін үздік тәмамдаған. Сол жылдан бастап университетте еңбек етіп, журналистика саласына елеулі үлес қосты.
Әр жылдары «Қазақ университеті» газетінің бас редакторы, «Azamat.kz» қоғамдық-саяси апталығы бас редакторының бірінші орынбасары, «Ел мен Жер» қоғамдық-саяси апталығының бас редакторы, «Жас қазақ үні» газетінің бас редакторының орынбасары қызметтерін атқарды. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағына қарасты республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактордың бірінші орынбасары болды.
Бекжан Әшірбаевтың өлеңдері республикалық «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Жас қазақ үні», «Парасат» және басқа да басылымдарда жарық көрді. Ақынның 2008 жылы «Жазушы» баспасынан мемлекеттік тапсырыспен «Қоңыр әуен» атты жыр жинағы жарыққа шықты. Ол бірқатар өлең кітаптарының авторы.
Марқұм Қазақстан Журналистер одағының мүшесі болды. Әдебиет пен журналистика саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, қазақ руханиятына елеулі еңбек сіңірді.