Атақты академик Қалық Абдуллаев қайтыс болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қоғам және саяси қайраткері, академик Қалық Абдуллаев қайтыс болды.
Бұл туралы саясаттанушы Ербол Еділов Telegram-каналында жазды.
1997-1999 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болған Қалық Абдуллаев 78 жасында өмірден озды. Туған-туыстары мен жақындарына қазаға байланысты қайғырып көңіл айтамыз. Иманды болсын!, - делінген Еділовтің хабарламасында.
Қалық Абдуллаев 1942 жылы 28 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысы, Ленгір ауданы, Қасқасу ауылында дүниеге келген.
1963 жылы Ташкент политехникалық институтын инженер-электрик мамандығы бойынша тәмамдаған.
1981 жылы «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталды.
Қалық Абдуллаев Шымкент қалалық, Оңтүстік Қазақстан облыстық Халық депутаттары кеңесінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.
Еңбек жолын «Оңтүстікқазэнергоның» аудандық басқармасындағы инженер қызметінен бастады.
1969 жылы Республика энергетика министрлігінің аппаратына жаңадан ұйымдастырылған диспетчерлік бірлестік басқармасына энергетикалық тәртіп қызметінің бастығы болып жіберілді.
1974 жылы «Оңтүстікқазэнерго» аймақтық басқармасына бас инженер, кейіннен басқарма бастығы болды.
1982 жылы Қазақ КСР Энергетика министрінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды.
1986-1992 жылдар аралығында Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Республика Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, Республика Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы, Премьер-министрдің орынбасары - Қазақ КСР Мемлекеттік экономикалық комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды.
Осы жылдары ол ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Шетелдік инвестициялар жөніндегі ұлттық Агенттік төрағасы лауазымында Қазақстанға шетелдерден инвестициялар тартудың алғашқы тәжірибелерінің негізін қалады.
1992 жылдан 1995 жылға дейін Қазақстандық іскер ынтымақтастық орталығы «Атакент» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы қызметінде болды.
1995 жылы Қалық Абдуллаевтың іскерлік мол тәжірибесі ескеріліп Республика Президентінің арнайы жарлығымен құрылған ТМД елдерімен ынтымақтастық жөніндегі Мемлекеттік комитеттің төрағасы болып тағайындалды.
1996-1997 жылдары ҚР Президентінің кеңесшісі қызметін атқарды.
1997-1999 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болды.
2000 жылдан осы уақытқа дейін өзі құрған «Атакент» АҚ Директорлар Кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарды.