Бүгiн 2026, 15:06 Фото: -/PA Wire/dpa

Белфасттағы бүлік: Ұлыбритания билігі Илон Маскты кінәлап отыр

Пышақ шабуылынан кейінгі тәртіпсіздіктер жаңа дауға ұласты. Миллиардердің аты неге аталып жатыр?

Ұлыбританияның билеуші Лейбористік партиясы америкалық миллиардер әрі X әлеуметтік желісінің иесі Илон Маскты Солтүстік Ирландиядағы Белфаст қаласында болған тәртіпсіздіктерді ушықтырды деп айыптады. Бұл туралы DPA Іnternational агенттігі жазды.

Белфастта болған пышақ шабуылынан кейін әлеуметтік желілер арқылы ұйымдастырылған наразылық акциялары жаппай тәртіпсіздікке ұласқан. Нәтижесінде көліктер мен ғимараттар өртеліп, кейбір тұрғындар үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған.

Оқиғаға байланысты Суданның 30 жастағы азаматына адам өлтіруге оқталды деген айып тағылды. Ол сот алдына шығарылады.

Лейбористік партияның төрайымы Анна Турли әлеуметтік желілердегі арандатушылық жазбалар жағдайдың ушығуына әсер еткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Илон Маск сияқты ықпалды тұлғалар қоғамдағы шиеленісті күшейтпеуі керек.

Маск өз парақшасында наразылық акциялары өтуі мүмкін орындардың тізімін бөліскен. Сондай-ақ ол иммиграцияға қарсы көзқарасымен танымал саясаткерлер мен белсенділердің жазбаларын қайта жариялаған.

Солтүстік Ирландияның әділет министрі Наоми Лонг та әлеуметтік желілердегі арандатушыларды сынға алып, олардың қоғамдағы қорқыныш пен ашуды өз мақсаттарына пайдаланып отырғанын айтты.

Оның сөзінше, адамдарды нәсіліне немесе шыққан тегіне бола үйлерінен қууға ешқандай ақтау жоқ және мұндай әрекеттердің барлығы нәсілшілдік болып саналады.

Ұлыбритания саясаткерлері әлеуметтік желілердегі алгоритмдер экстремистік мазмұнның таралуын күшейтіп отырғанын айтып, платформаларды жауапкершілікті арттыруға шақырды.

Тағы оқи отырыңыз: Илон Масктың сөзі халықаралық дауға айналды: Мексика сотқа беруі мүмкін