Беларусь елінде павлодарлық жауынгердің құрметіне ескерткіш орнатылды
«Майдан жолы» іздестіру жасағының белсенділері «Батырлар жолымен» халықаралық жоба шеңберінде Беларусь елінің Мозырь қаласында павлодарлық жауынгер, Кеңес Одағының батыры Михаил Катаевтың құрметіне ескерткіш ашты, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Ескерткіш-белгінің ашылуы «Майдан жолы» жасағының 15 жылдығы, Михаил Катаевтың қайтыс болғанына 80 жыл және Беларусь Республикасының фашистік әскерлерден босатылғанына 80 жыл толуына орайластырылды.
Михаил Катаев сияқты батырларымыздың ерлігі - келер ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Бүгінгі күні ескерткішті аша отырып, жерлесіміздің жауынгерлік жолы мен ерлігін еске аламыз. Осындай сәттерде Жеңістің қалай келгенін түсінеміз. Батырымыздың өнегелі ғұмыры бізге игі істерді атқаруға, Отанға адал қызмет етуге шабыттандырсын. Қазақстан халқы атынан Беларусь халқына ашық аспен тілеймін, - дейді Беларусь Республикасындағы Қазақстан елшілігінің бірінші хатшысы Рүстем Омаров.
«Батырлар жолымен» жобасы шеңберінде павлодарлық іздестіру жасағының мүшелері шетелдік әріптестерімен бірге екі апта бойы Витеб облысының Дубровен ауданында қазба жұмыстары жүргізілді.
Біз елден жырақ жерде хабарсыз кеткен қазақ жауынгерлерін іздестірдік. Екі жыл бұрын бұл елде шамамен он мың жауынгер жерленген аумақта ескерткіш орнаттық. Отан үшін жандарын пида еткен ержүрек батырлардың қатарында 1400 қазақстандық болды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таба береді, - дейді «Майдан жолы» жасағының командирі Александр Шитов.
Еске сала кетсек, М. Катаев – Павлодар облысының қазіргі Тереңкөл ауданының тумасы. 1944 жылдың 15 қаңтарында Жоғарғы кеңестің Жарлығымен «Кеңес Одағының батыры» атағы берілді.