Бекзат Саттархановтың алғашқы бапкері қайтыс болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың алғашқы бапкері Ақжол Асқар қайтыс болды.
Қазақ спортының дамуында өзіндік қолтаңбасы бар. Бекзаттың спорттағы жолын ашқан, оны іздеп тауып, Түркістаннан Шымкентке ертіп келіп, интернатқа орналастырған, дарынды балаларға арналған спорт интернатының негізін қалаған Ұстаз-бапкер, облыс боксының атасы саналатын, облыстық спорт ардагерлер кеңесінің төрағасы, ҚРЕСЖ Ақжол Асқар ағамыз өмірден өтті.
Спорт саласында өр мінезімен, қаншама даңқты боксшыларды тәрбиелеген ұлылығымен, ел үшін тіккен туы биікте желбіреп, дара болмысымен өтті. Артында мәңгілік өшпес істері қалды. Спортшы тәрбиелеуде өзіне ғана тән ұстаздық ерекшелігі шәкірттерінің санасында жатталып қалады. Ұстазға мәңгілік құрмет! Иаманы саламат болсын! Пейіште нұры шалқысын!, - деп жазды журналист Ілияс Жолдас.
Асқар Ақжол 1943 жылы Төлеби ауданы, Жамбыл колхозында дүниеге келген. 1970-1976 жылдары Спатаев атындағы орта мектепте дене тәрбиесі пәнінің ұстазы, 1976-1987 жылдары облыстық жоғарғы спорт шеберлері мектебінде бокстан аға жаттықтырушы болып қызметтер атқарды.
1968 жылы бокстан спорт шебері, 1989 жылы Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, 1998 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері. 1998 жылдан бастап Облыстық қабілетті балалар спорт мектеп интернатының директоры қызметтерін атқарған.