Бекзат Алтынбеков: Біздің міндет – ел бірлігін бекемдеу
Қарағанды, BAQ.kz тілшісі. Қазақстан халқы Ассамблеясы елдегі бірлік пен татулықты нығайтып, ұлттар мен ұлыстардың арасына дәнекер болатын институт екендігі белгілі. Мемлекет құрушы ұлт пен этностардың ынтымақта өмір сүруіне бастамашыл болған Қарағанды облыстық Ассамблеясы өңірдегі оң өзгерістердің де басы-қасында жүр. Қоғам дамуына өз үлесін қосып отырған Ассамблеяның ауқымқы шаралары жайлы облыстық Ассамблея төрағасының орынбасары Алтынбеков Бекзат Қомарұлы айтып берді.
Ассамблея аймақтағы ұлттар мен ұлыстардың басын бір арнаға ұйыстырып отыр
Облыстық Ассaмблея құрамында елуге тарта этнoмәдени бірлeстік, екі жүздeн aса "Қоғамдық келісім кеңестері", Анaлар кеңесі, Журнaлистер мен сaрапшылар клубы, Қайырымгерлер мен тәлімгерлер клубы, "Жaңғыру жолы" жастaр қозғaлысының өңірлік штабы, еріктілер қозғалысы және тағы да басқа көптеген орталықтар жұмыс істейді. Көпұлтты елімізде ұлттар мен ұлыстар арасындағы келісім мен толеранттылықты нығайтумен қатар, өңірдің дамуына үлес қосып отырған облыстық Ассамблеяның жұмысы ауқымды дейді Бекзат Алтынбеков.
Жалпы кез келген мемлекет үшін тәуелсіздік бағалы құндылық деп айтуға болады. Тәуелсіз елімізде бірнеше ұлыстар мен ұлттардың басын ұйыстырып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы әлемде теңдесі жоқ институт екендігі белгілі. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы халықаралық тұрғыда мойындалған. Қазақстанда бірлік пен татулық бар, неге десеңіз мұнда мықты діңгек бар. Ол – Қазақстан халқы Ассамблеясы, – дейді ол.
Облыстық Ассамблея төрағасы орынбасарының айтуынша, ҚХА-ның 25 жылдық мерейтойына өңірде ауқымды шаралар өткізу жоспарланған.
Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл. Бұл мерейлі мереке республика деңгейінде ауқымды түрде атап өтілмекші. Осыған байланысты көптеген шаралар жоспарда. 7 ақпан күні Алматыда "Тұңғыш Президент жолымен" атты халықтық экспедиция бастау алды. Елбасының туған жері Шамалған жерінен басталған экспедиция еліміздің бүкіл аймақтарын аралайтын болады. Келесі аялдама ол – Қарағанды облысының Теміртау қаласы болмақ. Өздеріңіз білетіндей, мұнда Елбасы өзінің еңбек жолын бастаған. Біз осы шараға қазір үлкен дайындық үстіндеміз. Аталған экспедицияға біздің облыстан Елбасының замандастары, этномәдени бірлестік өкілдері, жас метaллургтер және тағы да басқа ассамблея мүшелері кіреді. Сондай-ақ экспедицияға біздің ассамблеяның жанынан құрылған журнaлистер мен сарaпшылар клубының өкілдері де атсалыспақ. Олар шараны жан-жақты ақпараттандырып, осы экспедицияға қатысушылардың пікірлерін жариялап отыратын болады, – дейді Б.Алтынбеков.
Достық үйіндегі медиатoрлар 600-дeн астам дауды шешкен
Халық пен билік арасында алтын көпірге айналған Ассамблея ұлттар мен ұлыстардың арасындағы этносаясат саласының мәселелерін шешумен ғана айналысып қоймай, еліміз дамуындағы өзгерістердің басы-қасында жүр дейді Бекзат Қомарұлы.
Халық арасында Ассамблея тек ұлттардың мәдениетін, әнін-биін дәріптейді деген сыңаржақ пікір қалыптасқан. Бұл әрине дұрыс емес. ҚХА бүгінде өзінің атқарып жатқан шаралармен қоғамдағы бүкіл өзгерістерге үлесін қосуда. Аймақта атқарылып жатқан барлық шарада біздің өз орнымыз бар. Мысалы, облысымыздың әрбір аудан қаласында және де ірі өндіріс орындарында 216 "Қоғамдық келісім кеңестері" құрылған. Келісім кеңестері өндірістегі жұмыскерлердің құқығын қорғайды, ондағы орын алған кикілжіңдерді шешуге көмектеседі, медиациямен айналысады, – дейді ол.
Медиация ұғымы халқымыз үшін жаңа термин болғанымен, кешегі билер институтының жалғасы іспетті. Достық үйіндегі медиация кабинеті ел арасындағы көптеген даулардың сотқа жетпей шешімін тауып, халықтың өзара бітімгершілікке баруына мұрындық болып отыр. Бүгінде мұндағы медиаторлардың қатысумен алты жүзден астам дау тиімді шешілген.
Елбасының өзі ақсақалдар алқасын, билер кеңесін қолға алуды тапсырған. Мәмілеге келу, бітімге бару, сөзге тоқтау біздің қанымызда бар, ата-бабамыздан келе жатқан үрдіс. Яғни медиация сөзі біз үшін қаншалықты таңсық болса, соншалықты жақын ұғым деп айтуға болады. Біздің облыс ассамблеясы білім басқармасымен, облыстық сотпен, полиция департаментімен медиация саласы бойынша өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойған. Меморандум аясында біршама жұмыстар атқарылуда. Мәселен, мектептерде туындаған қандай да бір кикілжің мәселелердің шешімін табуға көмектесетін мектеп медиациясы бар. Сондай-ақ, мектептерге аналар кеңесінің өкілдерін, өңірдегі бетке ұстар, ақылымен, өнегесімен жол көрсетер, қоғамда өзіндік орны бар ақсақалдарымызды жібереміз, – дейді Бекзат Алтынбеков.
Достық үйіндегі медиция кабинеті жұмыс күндері таңертең 9-дан кешкі 18-00-ге дейін тегін қабылдайды. Мұндағы кәсіби медиаторлар келушілерге кеңес беріп, бітімге шақырады.
Аналар кеңесі. Қазақ халқының отбасылық ұлттық құндылықтары дәріптелуде
ҚХА-ның жанынан құрылған Аналар кеңесінің басты мақсаты – отбасын сақтауға ұйытқы болу, қазақ халқының отбасы құндылықтары мен дәстүрін дәріптеу, қоғамда келісім мен бірлікті қамтамасыз ету. Бүгінде аймақтағы көпбалалы, жас отбасыларға көмек көрсетіп ғана қоймай қазақ халқының бала тәрбиесіндегі дәстүрлерін сақтауға да баса назар аударып отырған облыстық "Аналар кеңесінің" қоғамдағы орны айшықты.
"Аналар кеңесі" қазақ халқының ана мен бала арасындағы қатынас, бала тәрбиесіндегі әдемі дәстүрлерін дәріптеп жүр. Ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық дәстүрлерді, отбасы құндылықтарын сақтауға өзіндік үлесін қосып отырған кеңестің мүшелері көмекке зәру аналардың барлығына кеңес береді, қиындықтан шығуға жол көрсетеді. Кеңестің мүшелігінде құрметті педагог Күліш Төлеуханова, "Дарынды бала" балабақшалар орталығының жетекшісі Жанаргүл Хамитова, көпбалалы ана, бизнес-тренинг өткізуші Алтын Каникар сияқты бизнес саласында табысқа жеткен аналар бар. Кеңес мүшелері жастармен, жас отбасылармен, көпбалалы аналармен тығыз жұмыс жасап жатыр, – деп атап өтті Бекзат Қомарұлы.
Қайырымгерлер қайырымды істерін жариялауды, дабыра қылмауды құп көреді
Облыстық Ассамблея аймақтағы әлеуметтік көмекке зәру тұрғындардың жағдайынан үнемі хабардар болып, кез келген уақытта қол ұшын беруге даяр. Жыл бойына әр ай сайын ұйымдастырылатын "Қaйырымдылық кeруeнi" акциясы аясында өткен жылы 5 мыңнан аса шара өтiп, аймақтағы көпбалaлы, әлeуметтік жaғдaйы төмeн отбaсыларға 1 млн теңге көлемінде көмек көрсетілген. Бекзат Қомарұлының айтуынша, ассамблея қайырымдылық көрсету арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруды ғана емес, жастардың бойында жанашырлық, ізеттілік, бауырмалдылық сияқты қасиеттерді сіңіруді басты мақсат етеді.
ҚХА жанынын құрылған қайырымгерлер мен меценаттар клубына бизнесте жүрген азаматтар кіреді. Қайырымгерлер клубының құрамындағы кез келген қайырымды жан ауыз толтырып айтарлықтай игі істерімен ерекшелінеді. Этномәдени бірлестіктердің көптеген өкілдері қайырымды істерін жарияламай, ешкімге дабыра қылмай жасағанды құп көреді, – дейді Б.Алтынбеков.
Сонымен қатар, Ассамблея жанынан құрылған волонтерлер клубы да қайырымды, ізгі істерімен ел аузында жүр. Еріктілер орталығының құрамында екі жүзге тарта волонтер бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылды "Волонтер жылы" деп жариялауына орай еріктілер "25 ізгі іс" атты акцияны қолға алып, жыл бойына біршама шаралар атқаруды жоспарлап отыр.
Достық үйі көпұлтты Қарағандының қара шаңырағына айналды
Облыстық Ассамблея мемлекет құрушы қазақ ұлты мен өзге ұлттар арасындағы татулықтың, ынтымақ мен берекенің ұйытқысы болса, "Достық үйі" өңірдегі оң бастамалардың басты орталығына, кенді шаһардың қарашаңырағына айналды. Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Бекзат Алтынбековтың пікірі осындай.
Қарағандының қайнаған тыныс-тіршілігінде өзіндік орны бар Достық үйінде өткен жылы үш мыңнан астам шара ұйымдастырылған екен.
Бүгінде Достық үйінде мемлекеттік тілдің қолданысын одан әрі арттыру, қазақ ұлтының рухани құндылықтарын, жалпы еліміздегі барлық ұлттар мен ұлыстарға ортақ мақсат мен міндеттердің орындалуына бағытталған біршама жобалар қолға алынған. Соның ішінде қазақ халқының бай тарихы мен мәдениетін танып-білуге және елдің бірлігін дамытуды көздеген "Қазақтану" мәдени-ағартушылық орталығына тоқталғым келеді. Осыдан үш жыл бұрын қолға алынған "Қазақтану" жобасын көпшілік "табиғаттану", "қазақты таныту" деген мағынада ұғынып жатады. "Рухани жаңғыру" бағдарламасының бір бағыты ретінде құрылған жобаның басты мақсаты – өзге ұлт өкілдеріне мемлекет құрушы қазақ ұлтын таныстыру, Елбасы айтқан «ұлттық кодты» өзге этностарға көрсету арқылы ұлттық құндылықтарды қайта жаңғырту. Осы "Қазақтану" жобасы аясында облыстық Ассамблеясы екі жыл қатарынан "Ұлы дала елі" атты экспедиция ұйымдастырды. Өткен жылы аталмыш экспедицияға тарихшы-ғалымдарымызбен бірге мемлекеттік тілді еркін меңгерген этнос өкілдері де қатысып, олар Бұқар Жырау ауданы, Баянауыл, Павлодар, Семей өңірлерін аралап қайтты. Экспедиция қатысушылары Абай, Шәкәрім мұражайларын, Бұқар Жырау, Шарман Мұстафаұлы, Әлкей Марғұлан кесенелеріне барды. Өзге ұлт өкілдері бұл экспедициядан ерекше толқыныспен келді, олар қазақ ұлтының тарихы мен мәдениетінің қандай болғандығын замандастарына, құрдастарына айтып жүр, – дейді Бекзат Қомарұлы.
Ассамблея төрағасының орынбасарының айтуынша, Достық үйіндегі "Мәміле" сұхбат клубы қазақ тілін үйренуге ниетті өзге ұлт өкілдері арасында сұранысқа ие. Бүгінде "Мәмілеге" келушілер саны 1700 адамға жуықтаған. Клубқа келушілер қазақ тілін үйреніп ғана қоймай, қазақ халқының салт-дәстүріне де қанығып, әдет-ғұрпынан хабардар болады.
Достық үйіндегі тағы бір ерекше орталықтардың бірі – "Ардагерлерді ардақтайық" бағдарламасы аясында ашылған "Белсенді өмір орталығы". Қарағандылық қариялардың бос уақыттарын пайдалы әрі тиімді өткізуіне арналып жасақталған орталыққа күніне қырыққа жуық қария келеді. Мұнда қарттар компьютерлік сауаттылықты, тілдерді меңгеріп, шахмат, дойбы ойнап, фитнеспен, йогамен айналыса алады.