Бектенов заңсыз шығарылған активтер бойынша нақты сандарды атады

Қазақстаннан заңсыз шығарылған қанша ақша қайтарылды? Бұл сауалға үкіметте өткен брифингте Премьер-министр Олжас Бектенов жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазір бұл жөнінде көптеген пікір бар, сарапшылар да өз пікірлерін айтып жатыр. Бірақ мен нақты айтайын, менің бастамаммен құрылған комиссия қазіргі таңда 200 млрд теңгеге жуық заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару туралы келісімдерге қол қойды, - деді Бектенов.

Еске салайық, бұған дейін Қаржы министрі Қазақстаннан заңсыз шығарылған активтер қаражаты есебінен 400-ден астам нысан салынып жатқанын айтқан еді.

Мәди Тәкиев ұсынған деректерге сәйкес, мемлекетке қайтарылған активтер қаражаты есебінен Арнаулы мемлекеттік қорға 434,3 млрд теңге түсті.

Бүгінгі таңда осы қаражаттың ішінен 318,1 млрд теңге сомасына 406 әлеуметтік маңызы бар жоба қаржыландырылды, оның ішінде: сумен жабдықтау және су бұру желісінің 230 жобасы; 162 денсаулық сақтау жобасы; білім беру саласындағы 10 жоба; спорт саласындағы 4 жоба, - деді министр.

Еске салайық, бүгінгі Үкімет отырысындағы жиында 2025 жылғы қаңтар–маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен республикалық бюджеттің атқарылу нәтижелері талқыланады.

Отырыс қорытындысы бойынша Үкімет басшылығының қатысуымен баспасөз конференциясы ұйымдастырылады. Үкімет отырысы мен баспасөз мәслихатының тікелей көрсетілімі BAQ.KZ сайтында жүргізіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы