Бектенов: Вагондардың жағдайына қатысты халықтың арыз-шағымы азайған жоқ
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жолаушылар тасымалы саласына ерекше назар аудару керегін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қызмет көрсету сапасы мен вагондардың жағдайына қатысты халықтың арыз-шағымы азайған жоқ. Бұл теміржол саласымен қатар, еліміздің имиджіне әсер етеді. Сондықтан барлық тасымалдаушы жолаушылар вагондары мен локомотив паркін жүйелі түрде жаңартып отыруын қамтамасыз ету қажет, - деп айтты Бектенов.
Оның сөзінше, отандық вагон жасау зауыттарында қазіргі заманға сай әрі жайлы жолаушылар вагондарын шығару жолға қойылған, оларды ұлттық тасымалдаушы қолданып жүр.
Сондай-ақ жүк вагондарын шығару және ауыстыру жұмысын да жандандыру қажет. Бұдан бөлек, Көлік министрлігі мен Қазақстан теміржолы заманауи және перспективалы әзірлемелерді енгізу, жылжымалы құрамдардың қозғалыс жылдамдығын арттыру мәселелері бойынша жұмыс істеуі қажет.
Жолаушылар тасымалы саласындағы қызметтерді одан әрі жетілдіру бойынша тұрақты жұмыс жүргізу керек.
Сонымен қатар Премьер-министр шешімді қажет ететін басқа да аспектілер бар екенін айтты. Олар:
Бірінші. Бизнес мемлекетаралық өткізу бекеттерінде жүктердің тұрып қалу проблемасымен кезігіп отыр.
Көлік, Қаржы министрліктері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен бірлесіп, шекарада жедел әрі сапалы мемлекеттік қызмет көрсету жөнінде шаралар қабылдауы қажет.
Екінші. 2028 жылы жолаушылар вагондарының паркі 3 мың бірліктен асады, бұл тозығы жеткен вагондарға қатысты мәселені шешуге мүмкіндік береді. Алайда жеке тасымалдаушылар өз вагондарын жаңартуда қиындықтарға тап болуда.
Осы мақсатта Көлік министрлігі жеке тасымалдаушыларды қолдау шараларын әзірлеуі тиіс.
Бұл жалпы жолаушылар және жүк тасымалының сапасына оң әсер етеді.
Үшінші. Өнеркәсіп және Көлік министрліктеріне кәсіпорындарды ұзақмерзімді келісімшарттармен қамтамасыз ете отырып, машина жасау өндірісін локализациялауды кезең-кезеңмен арттыруға бағытталған үлгілік келісімдерді әзірлеуді тапсырамын.
Сонымен қатар Үкімет басшысы жасанды интеллект технологиялары мен перспективалы стартаптарды экономиканың барлық саласына, соның ішінде теміржолға да енгізу керек екеніне назар аударды.
Мысалы, жасанды интеллект апаттық жағдайлардың ықтимал қауіптерін және жолдар мен жылжымалы құрамның тозуын алдын ала есептеп, осындай мәселелерді шешудің түрлі нұсқаларын пысықтай алады. Теміржол саласын цифрландыру кезінде IT-инфрақұрылымды басқарудың және ақпараттық жүйелердің интеграциясын жүргізудің тұтас тәсілін жүзеге асыру қажет, - деді ол.